Биыл Алматыда Наурыз мейрамы «Қазақ хандығына 550 жыл» тақырыбында тойланады. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Наурыз мейрамы биыл ерекше өткізу қолға алынған. Биыл қазақ халқының тарихи тамырынан сыр шертетін тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. Қаланың безендірілуі де 15 ғасырдағы қазақтың этнографиялық стилінде бомақ. Мейрамды мерекелеуге тек қалалық ведомстволардан бөлек қалаға жақын орналасқан аудандар Талғар, Қарасай аудандары да жұмылдырылатын болады», - деді Рашида Тыливалдиева.
Басқарма өкілінің айтуынша, биыл Наурыз мейрамы қарсаңында қала көшелері жабылмайды.
«Жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру үшін негізгі мерекелік қойылымдарды Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырамыз. Мұнда үлкендерге, балаларға арналған арнайы аймақтар қалыптастырылады. Ұлттық ойындар, ұлттық тағамдардан дәм татуға арнайы алаңдар, интераквтивті аймақтар жасалады. Қаланың сыртынан орталық саябаққа тасымалдау үшін арнайы маршруттық автобустар шығарылады», - деп қорытындылады Мәдениет басқармасының өкілі.
Оның айтуынша, биылғы жылдың айтулы даталарының бірі - Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Алматыда өтетін ірі шаралар туралы тұжырымдама ақпанның ортасында белгілі болады.