"Да, сэр!", Есть, сэр!" дейтін жауаптарды біз көбінесе голивудтық кинолардан көреміз. Ал шынайы өмірде біздің билік эшелонында осы бір ауыз сөз жиі айтылады.
Президент айтса бітті, жарым-жартылай ұғып алып, шаш ал десе, бас алатын жергілікті басшылар да аз емес. Түсінбеген жері болса, сұрап алатын мектеп оқушысы құрлы жоқ. Бас шұлғып кете барады.
Мемлекет басшысы да жинап алып, сөйлей беремін бе ұсыныс айтыңдар деп емеурін танытып еді. Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында біздің "робот" шенеуніктер сол баяғы сірескен баяндамадан аттап шыға алмады. Ал, Президент Назарбаев оларға былай деп ескерту жасады:
«Жиналысқа жер-жерден келгенде әрқайсыларың дайындалып келулерің керек. Тек қана мені тыңдап кете бермей, ойларыңыз болса айтыңыздар. Мемлекет басшыларының, Үкімет мүшелерінің, әкімдердің жергілікті мәселелерді айтқан сөзінен, ұсыныстарынан барып жалпы шешім шығады. Сондықтан үндемей отырғанды қойыңдар. Анау күні «Самұрық-Қазынаның» трансформациясына келген батыстың дөкей профессорлары: «Әр жерде келісіммен шешетін болсақ, мысалы зауыттың цехында, онда ары қарай дұрыс шешім шығатын болады» дейді. Онысы рас. Біз баяғыдай жинап аламыз да, сөйлеп, сөйлеп қоя береміз. Ешкім ешқандай ұсыныс жасамайды, олай болмауы керек. Бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма, басқа мәселе. Соның барлығы елге қызмет істейтін болса тыңдау керек», - деді Елбасы.