Беларусь астанасында өтіп жатқан "Норманд төрттігінің" отырысы тым ұзаққа созылды. Минск саммитінің алдында Украина президенті Петр Порошенко "менің президенттік лауазымға ие болғалы бері бұрын соңды болмаған және алдағы уақытта да бола қоймайтын аса маңызды келіссөзге кетіп барамын" деген болатын. Рас, дипломатияның арғы-бергі тарихында түн баласы көз ілмей келіссөз өткізген оқиғалар сирек кездеседі.
Минскте алдымен шағын құрамда екі сағат кеңесті. Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд, Украина басшысы Петр Порошенко, РФ президенті Владимир Путин және бейбітшілік алаңын ұсынып отырған Беларусь президенті Александр Лукашенко бесеуі фотоға түсу үшін тысқа шығып, репортерлер көзіне көрінді. Алайда ешкім мәлімдеме жасамады. Одан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөз басталғалы да 10 сағаттан асты. Кейбір ақпараттарға жүгінсек, соңғы сағаттарда кеңесшілер де бөлмеден шығып, тек мемлекет басшылары ғана қалған көрінеді. Жабық есік жағдайында өтіп жатқан кездесудің соңында мәмілегерлік құжаты қабылдануы мүмкін дейді, Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макей.