Отырыста Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2014 жылғы жүзеге асырылу барысы, елдің Қарулы Күштерін нығайту мәселелері талқыланды, сондай-ақ биылға арналған мейлінше өзекті міндеттер белгіленді.
Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Н.Ермекбаев ұлттық қауіпсіздіктің ахуалы мен мемлекеттік органдардың осы саладағы қызметі туралы баяндады.
Мемлекет басшысы қабылданып жатқан шаралар арқасында ұлттық мүдделерді тиісті деңгейде сақтау қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар діни-экстремистік, террористік, сондай-ақ жаһандық және өңірлік үрдістерден туындаған экономикалық сипаттағы қатерлер сақталып отыр.
Қазақстан Президенті осыған байланысты лаңкестікке қарсы қолда бар инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
Атап айтқанда, мемлекет терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіруді жалғастырып, арнаулы бөлімдердің жабдықталуын және олардың лаңкестікке қарсы операцияларға дайындығын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды. Түсіндіру жұмыстары азаматтарымыздың бойында экстремистік идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру ісіне бағытталады. Қабылданатын құқықтық және профилактикалық шаралар радикалдық идеяны ұстанатындар санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар елдегі және біздің негізгі сауда серіктестеріміздің нарықтарындағы экономикалық ахуалды ұдайы талдап отыруға, қажет болған жағдайда шара қабылдауға тиістігіне назар аударды.
Сонымен қатар, қалыптасқан жағдайда ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік және еңбек қақтығыстарына әкелетін себептерді жоюға айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте еңбек және шаруашылық дауларына қатысушы барлық тараптың заңдылықты сақтауы маңызды.
Қазақстан Президенті біздің республикамыз Украинадағы ахуалды реттеу ісіне барынша күш жұмылдыруды жалғастыратынын айтты. Бұл мақсатқа жету үшін барлық дипломатиялық ресурстар пайдаланылатын болады.
Отырыста сондай-ақ әскери, қоғамдық, экологиялық, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелер қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктеді.