25.02.2015 в 18:45

«Оңтүстік» АЭА» орналасқан тоқыма өнеркәсібінің жұмысы жанданды

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында» орналасқан «Oxy Textile» жіп иіру фабрикасының жұмысы жанданды.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» қолдауымен жұмысы қарқын алған кәсіпорында бүгінде тоқсаннан астам адам жұмыс жасауда. Өндіріс толық қуаттылыққа шыққанда 270 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Фабрика шикізатты «Baiterek Venture Fund» АҚ тарапынан бөлінген 907,5 млн.теңге қаражатқа алып отыр. Мақта-мата жіп иіру өндірісі бойынша кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін оның қуаттылығын жылына 6183 тонна дайын өнім алуға дейін жеткізу көзделуде.

Өндіріс тоқыма өнеркәсібінде пайдаланылатын заманауи технологиялармен жабдықталған. Шығарылатын өнім халықаралық стандартқа сәйкес. Бастапқы кезеңде кәсіпорынның дайын өнімі экспортқа шығарылса, келесі кезеңде өнімдер ішкі нарыққа бағытталмақ. Қазіргі таңда экспорт бойынша көршілес Қытай мемлекетімен келіссөздер жасалуда.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев: «- Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан «Oxy Textile» ЖШС сауықтырудың әр кезеңінде жан-жақты қолдау жасалды. Бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына» қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған. Бүгінде аймақта 21,665 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асып, 1445 жұмыс орны ашылған. Одан бөлек, құны 114,7 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба аясында жұмыстар жүргізілуде, жобалар іске асқанда осында 7141 жұмыс орны ашылады»,- деді.