26.02.2015 в 20:14

Президенттіктен дәмелі Ахметбеков сайлауды қолдайды

Қазақстан Коммунистік Халық Партиясы Мемлекет басшысының Президент сайлауын 2015 жылдың 26 сәуірінде өткізу туралы шешімін қолдайды. Бұл жайында бүгін партия хатшысы  Жамбыл Ахметбеков мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының Президенттің кезектен тыс сайлау өткізу туралы жарлығы өте өзекті және уақыт талабынан туындаған деп есептейміз. ҚКХП бұл шешімді толықтай қолдайды. Еліміздегі ең маңызды сайлау науқанын алдын ала өткізіп алған соң, Қазақстан бар күш-жігерін әлеуметтік-экономикалық саладағы түйінді мәселелердің шешілуіне бағыттауға мүмкіндік алады», - деді ол.

Айта кетейік, ҚР Президенттігіне кандидаттарды тіркеу бүгін басталды. Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау құжаттарының үлгілері мен  сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шараның күнтізбелік жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес президенттікке кандидаттарды ұсыну  26 ақпанда басталып, 15  наурызда аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін олардың үгіт науқаны басталады. Ол 26 наурыздан 24 сәуірге дейін жүргізіледі.

Қазақпарат