04.03.2015 в 16:24

Коммунистер таңдауын жасады

Қазақстанның коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс президенттік сайлауға Тұрғын Сыздықов түсетін болды. Мұндай шешім бүгін партияның кезектен тыс  съезінде қабылданды.

Съезд барысында кандидатты ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісіндегі ҚКХП фракциясының жетекшісі Владислав Косарев: «ҚР Президентіне кандидат ретінде Тұрғын Сыздықовты ұсынғым келеді. Т.Сыздықов 1944 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. 1974 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық жастар одағы жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. 1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Ол Ақмоладағы Целингидромаш мекемесінде жұмыс істеген. Содан кейін Кеңес армиясы қатарында болып, кейінен кәсіптік-техникалық училищесінің комсомол комитетін басқарған. Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Комсомол аудандық партия комитетінің хатшысы, одан кейін бірқатар кеңшардың партия комитетінің хатшысы болып істеді. Чистополь аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды», -  деді.

Өз кезегінде ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықов партияның сенімін ақтауға тырысатындығын баса айтты. «Бүгін маған үлкен міндет, зор жауапкершілік жүктедіңіздер. Мен сіздермен бірге алдағы уақытта сол міндеттерді абыроймен атқарамыз деп ойлаймын. Коммунистік партия бағдарламасын, мақсаттарын алдағы уақытта одан ары дамытуға зор мүмкіндігіміз бар деп сенемін», - деді коммунистік партия атынан ҚР Президенттігіне үміткер Т.Сыздықов.