«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының екінші кезеңінде кадрларды даярлау мен қайта даярлау, ауруды емдеу барысын басқару жүйесі мен медициналық сақтандыруды енгізу мәселелеріне басымдық танытылады. Бұл туралы бүгін BNews.kz порталының студиясында өткен онлайн-конференция барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.
«Осы жылы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуы аяқталады. Мен осы орайда оның нәтижесін көрсетер үш мәселеге тоқталып кеткім келеді. Біріншіден, біз алғашқы медициналық көмек бойынша бағаның әртүрлі болуы мәселесін жойдық. Мысалы, бұрын әр өңір өз бюджетіне сәйкес медициналық көмектің алғашқы деңгейін әркелкі бағалайтын. Бір облыстағы бір адамға шаққандағы оның құны 500 болса, екінші аймақта – 700, ал келесісінде 600 теңге болған. Ал бүгінгі күні бір Қазақстан бойынша бір бағаны белгіледік, яғни 880 теңге. Өткен жылы ол бүкіл ел бойынша бірдей деңгейде қаржыландырылды», - деді Т.Дүйсенова.
Оның айтуынша, бағдарламаның екінші нәтижесі – азаматтардың ем алатын мекемені өзі таңдау мүмкіндігіне ие болуында. Жергілікті атқарушы органдар мәліметтеріне сәйкес, 34 мың ауыл тұрғыны республикалық орталықтарда ем-дом шараларын қабылдаған.
«Үшіншіден, қаншама жаңа технологиялардың тартылғанына барша қазақстандықтардың көзі жетіп отыр деген ойдамын. Әсересе, кардиохирургия, нейрохирургия, протездеу салаларындағы заманауи технологиялардың енгізілуі осы бағдарламаның арқасында мүмкін болды. Мұның барлығы азаматтарымыздың орта жасын арттыру, өлім-жітім санын азайту сынды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Міне, осыларды аталған бағдарламаның ең негізгі жетістіктері деп санаймын», - деген министр саладағы шешімін табуы тиіс мәселелер әлі де болса бар екендігін жасырмады.
«Қазіргі уақытта біз бағдарламаның екінші кезеңін әзірлеп жатырмыз. Ең алдымен, кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесіне көңіл бөлінеді. Олар халыққа көрсетілуі тиіс қызметтерге сәйкес келуі тиіс. Халық бізден күтетін сапа деңгейін қамтамасыз етуіміз шарт. Екіншіден, ауруларды басқару жүйесіне назар аударылатын болады. Яғни, науқас бойындағы дерттің анықталуынан бастап, оны емдеу шаралары бір процесс ретінде болуы тиіс. Мысалы, науқасты емдейміз, ал одан кейінгі оңалту процесі тиісті деңгейде болмауы мүмкін. Сондықтан, мұның барлығы бір процес ретінде бір-бірімен байланысып, үздіксіз жүріп отыратын жұмысқа айналуы тиіс. Үшіншіден, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу ойда бар. Нақты айтқанда, денсаулық сақтау мәселесіне мемлекет қана жауап бермей, жұмыс беруші мен жұмысшының өзі де өз денсаулығына қатысты қам жеуі тиіс», - деп түйіндеді өз ойын ол.