06.03.2015 в 11:05

Президенттіктен дәмелі бір азаматтың тапсырған емтиханы жөнінде түсінік берілді

Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Асқар Жорабайұлы Сырғабаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды, деп хабарлайды ҚР ОСК баспасөз қызметінен.

Өткізілген емтихан нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Асқар Жорабайұлы Сырғабаев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген шешім қабылдады.

Бұл шешімді түсіндіре отырып, комиссияның төрағасы М.Жолдасбеков: «Жылдан-жылға елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп, оны меңгеруге қойылатын талаптардың да артып келе жатқандығы белгілі. Үміткер бүгінгі күннің лингвистикалық талаптары тұрғысында тілді еркін меңгеру дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін үш түрлі сипаттағы тапсырманы орындады.

Бірінші жазбаша тапсырмада кандидат өзі таңдаған «Әлемдік дағдарыс және Қазақстан экономикасы» тақырыбын аша алмады, өзінің ойын нақты және жүйелі жеткізе алмады, жалпы 92 орфографиялық, стилистикалық және пунктуациялық қате жіберді.

Екінші тапсырма бойынша Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан мәтіндік үзінді оқу кезінде бірқатар орфоэпиялық нормаларды бұзғандықтан, оқылған үзінді мағынасының қабылдануын қиындатты және дауыс ырғағына салып, мәнерлеп оқи алмады.

Үшінші тапсырмада комиссия белгілеген көпшіліктің алдында 15 минут сөз сөйлеудің орнына кандидат 9 минут сөйледі, өз ойын байланысты, жүйелі және қисынды түрде еркін жеткізе алмады. Қазақ тілінің ерекшеліктерін ескермей сөйлеген сөзі орыс мәтінінің сөзбе-сөз аудармасы болды. Нәтижесінде лингвистикалық комиссия үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп бірауыздан шешім қабылдады»,- деп атап өтті комиссия төрағасы.

Лингвистикалық комиссияның отырысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.Сүлеймен қатысты.

Қазақпарат