17.03.2015 в 09:46

Президент Көкшеге сапарлады

Өңірде жүз жиырмадан астам ұлттың өкілі тату тұрып жатқанын қуанышпен айтуға болады. Бұл туралы бүгін Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Елімнің тағдыры - менің тағдырым» атты республикалық форумда сөйлеген сөзінде айтты. 

«Мұнда жүзден астам этностың өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатыр. Республикамыздағы қоғамдық келісім кеңестерінің ең көбі осы облыста жұмыс істейді, олардың саны - 266. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында Ақмола облысында 500-ге жуық іс-шара өткізіледі. Облыс Ассамблеясының активі бес мың адамды құрайды, - деді Қазақстан Президенті.

Форумда Елбасы Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері жайлы айта келе, оған ақмолалықтардың да қосып отырған үлесі зор екеніне тоқталды.

«Біздің елдігіміз, бірлігіміз, татулығымыз - осы тәуелсіздігіміздің 23 жылында жеткен жетістігіміз. Осы уақытта біз көп жұмыс атқардық. Мемлекетімізді аяғынан тұрғыздық. Халқымыздың жағдайын түзедік. Қазақстанды дүниежүзіне паш еттік. Өзіміз де, ұрпақтарымыз да Қазақстанды қуанышпен атайтын болды.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі үш жылда екі есе ұлғайды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Тек былтырдың өзінде 10 жаңа жоба іске қосылды, 17 миллиард теңге игерілді. Индустрияландыру картасынан биыл тағы 25 жобаны іске қосу жоспарлануда. Оларда 2000 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Кәсіпкерлік дамып келеді, облыста сомасы 250 миллиард теңгеден астам өнім шығарған 53 мың шағын және орта бизнес кәсіпорындары жұмыс істейді. Мемлекет аграрлық секторға көрсетілген қолдаудың қайтарымы болады деп үміттенеді. Облыстың балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейінің көрсеткіші де жоғары - шамамен 90%. Биыл тағы 4 балабақша және 7 мектеп салынады. Денсаулық сақтау саласында 11 жаңа нысан салу жоспарлануда», - деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетсек, бүгін Көкшетаудағы «Бурабай» спорт сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Елімнің тағдыры - менің тағдырым» атты республикалық форум өтіп, оған 5 000-нан астам адам қатысты.