Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті, оның барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.
Бұл мәселе бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев хабарлама жасады, деп хабарлады Үкімет басшысының ресми сайты.
Ә.Исекешев «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесі отандық тауар өндірушілерді қолдауға қатысты қордың мемлекеттік сатып алу ережелеріндегі өзгерістерді қолдағанын мәлім етті.
«Егер бұрын жалғыз отандық тауар өндіруші болғанда компания тауарды сатып алуға немесе тендер өткізуге құқылы болса, енді қазір компания тауарды сатып алуға міндетті», - деп түсіндірді ол.
«Тауарды жеткілікті қайта өндіру өлшемі бойынша "СТ-KZ" сертификатын беру мүмкіндігі жойылды. Осылайша адал жұмыс жүргізбейтін кей кәсіпорындардың жасанды түрде шығындарын ұлғайтып, сертификатқа қол жеткізуіне тосқауыл қойылды. Бұйрық жобасы дайындалып, келісілді. Қазір Әділет министрлігінде тіркеуде жатыр», - деді Ә.Исекешев.
Облыс әкімдіктеріне нысандарды республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары есебінен салу кезінде отандық материалдарды қолдану мониторингін өткізу бойынша ұсыныстар жолданған.
Ә.Исекешевтің хабарлауынша, 2015 жылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті үлесті дамыту бойынша меморандумдарды орындау шамамен 54 пайызды құрады. Жалпы сомасы 750 млрд. теңгеге 3 мыңнан астам шарттарға қол қойылды, соның басым бөлігі «Самұрық-Қазына» Қорының алты ұлттық компаниясы мен төрт жүйеқұраушы кәсіпорынның үлесіне тиеді.
Аталған жұмыс туралы толығырақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «ҚМГ» ҰК» АҚ, «Самұрық-Энерго» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, сондай-ақ «Еуразиялық топ» ЖШС», «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазмырыш» ЖШС-нің басшылары баяндады.
Бұдан басқа, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев «ЭКСПО-2017» нысандарының құрылысы аясындағы сатып алулар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, бүгінде компания отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 67 млрд. теңгеге 4 меморандум жасасты. Аталған мәселе компания мен Үкіметтің апта сайынғы бақылауында тұр.
Қазақпарат