17.03.2015 в 16:10

Ұлыстың Ұлы күніне орай Ұлттық музейге сый жасалады

Белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин ҚР Ұлттық музейі өткізетін «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына қатысатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Саясаттанушы өзінің facebook-тегі парақшасында: "Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ұлттық музейге бірнеше жыл бойы жинаған жебе оқтарының жинағын сыйға тартамын. Бұрыннан бері  ойластырып жүрген едім. Міне, ертең соның ресми рәсімі өтеді. Бұл Ұлттық музейге қосқан кішкентай болса да бір үлесіміз болсын", - деп жазған.

Айта өтейік, Ерлан Қарин еліміздегі музей ісіне белсенді түрде қамқорлық танытып келеді. Ол осыған дейін Халықаралық Түркі академиясының музейіне де жәдігерлерді тарту етіп, музей ұжымының алғысына бөленген болатын.

Естеріңізге саламыз, ертең ҚР Ұлттық музейінде Ерлан Қарин және өзге де азаматтар «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына қатысып, өздерінің коллекциясындағы құнды жәдігерлерді музейге сақтауға табыстайды. Барлық сый-тартуларға (жәдігерлерге) заңдық негізде қабылдап алу шарты жасалып, олар музейдің қорына өткізілетін болады. Сый-тартулар негізінде Ұлттық музейде арнайы көрме ұйымдастырылады. Акция жыл бойы жүргізіліп, алдағы желтоқсан айында қорытындыланады.