03.04.2015 в 10:01

Президент сайлауына қатысты семинар өтті

2015 жылдың 26 сәуіріне белгіленген кезектен тыс ҚР Президентін сайлауға дайындық және оны өткізу мәселелері Астанада сайлауды ұйымдастырушылар, сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, бақылаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдері қатысқан семинарда кеңінен талқыланды, деп хабарлады astana.gov.kz. 

Белгілі болғандай, бүгінгі күні электоралдық науқан  аясында ҚР Президентіне кандидаттарды ұсыну және тіркеу аяқталды. Ең қарбалас кезең - 26 наурыздан 24 сәуірге дейінгі 30 күндік сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Сайлаудың шешуші күні жақындап келеді және оны өткізу үшін барлық жағдай жасалған.

- Бүгінгі күні үгіт материалдарын орналастыратын орындар анықталды, кандидаттардың сайлаушылармен кездесетін орындарының тізімі бекітілген, сайлаушылар тізімін жасау аяқталды, тізім сайлау учаскелеріне атқарушы органдарға биылғы жылдың 5 сәуірінен кешіктірілмей беріледі, - деді Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров өз сөзінде.

- Біздің ортақ мақсатымыз - сайлау заңнамасы мен жалпы мойындалған халықаралық ұстанымдарға сай  әділ сайлау науқанын өткізу, - деді ол.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың ақпараты бойынша,  Президент сайлауын 224 аумақтық және 9741 сайлау учаскесі комиссияларының құрамына кіретін сайлау комиссияларының 69 мың 755 мүшесі қамтамасыз етеді. 5 сәуір күні учаскелік сайлау комиссияларына сайлаушылар тізімі ұсынылады, 10 сәуір күні бұл тізімдер сайлаушыларға таныстырылады.

Халықаралық бақылаушылардың аталмыш сайлауалды науқандағы  рөлі де маңызды. Олардың және шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуы ашықтық пен сенім сыйлайды.

- 30 наурызға сәйкес Орталық сайлау комитетінде ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ және 19 мемлекеттен 236 халықаралық бақылаушы тіркелген бақылау жүргізу мүмкіндігіне ие. Бақылаушылар сайлау науқанының барлық кезеңдеріне қатыса алады.

Халықты ақпараттандыру мақсатында орталық сайлау комиссиясы насихат жұмысын жалғастыруда. Атап айтқанда, республикалық және аймақтық телеарналарда тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде, өңірлерде мыңға жуық билборд орнатылды, арнайы ескертпелер мен плакаттар шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұның барлығы Қазақстанда өтетін сайлау науқанының толықтығы мен жеделдігін айқындайды.

Еске сала кетейік, Астана қаласының әкімдігі нақты уақыт режимінде өз сайлау учаскеңіз туралы ақпарат алуға мүмкіндік жасайды. Сайлаушылар тізімін анықтау мақсатында 55-66-55 телефоны бойынша Астана қаласы әкімдігінің байланыс орталығына хабарласуға болады. Мәліметті тәулік бойы автоматты режимде ЖСН теру арқылы және жұмыс күндері сағат 9.00 - 20.00 аралығында, демалыс немесе мереке күндері сағат 10.00 - 20.00 аралығында алуға болады.

Сайлау учаскесін Астана қаласы әкімдігінің «Электронды қызметтер» веб-порталының e.astana.kz мекен-жайы бойынша «Сайлау учаскесін іздеу» бөлімінде немесе astana.gov.kz веб-порталының «Ақпараттар бюросы» бөлімі арқылы анықтауға болады;

Астана тұрғындары барлық сұрақтар бойынша мына мекенжайларға хабарласа алады:

«Есіл» ауданы - Қабанбай батыр, 33, тел. 46-61-51, 78-06-83, 46-74-70;

«Сарыарқа» ауданы - Сарыарқа даңғылы, 13, каб. № 311, тел. 55-66-48, 55-66-09, 55-74-88;

«Алматы» ауданы - Тәуелсіздік даңғылы, 7, тел. 36-23-99, 35-02-84, 35-45-27.