06.04.2015 в 15:27

Қазақ әскерилері НАТО-ға барады

Қазақстандық әскери қызметшілер Брюссель қаласындағы НАТО-ның штаб-пәтеріне барып қайтпақ. Алдағы сапардың мақсаты «Болжау жасау және талдау үдерісі» бағдарламасы аясында еліміздегі алдағы іс-қимыл барысын талқылайтын болады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Жуырда Астанада НАТО мен ҚР Қорғаныс министрлігі, Бас штабы және ҚР Қарулы Күштерінің құрылымдық бөлімшелері өкілдерінің арасындағы келіссөздер аяқталды. Аталған бағдарлама аясындағы Қазақстанның қорғаныс ведоствалары өткізген барлық жұмысты зерттей отырып НАТО мамандары «Қазбригтің» бітімгерлік даярлығының, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері әскери институтының «Бейбітшілік үшін серіктестік» Оқу орталығының әскери қызметшілер мен ел серіктестерімен ұдайы өткізетін тілдік және бітімгерлік даярлығының дұрыс екінін атап өтті», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2002 жылдан бері «Болжам жасау және талдау үдерісі» бағдарламасына қатысып келеді. Бағдарлама халықаралық деңгейдегі жаттығулар, оқу-жаттығулар мен операцияларды, сонымен қатар бейбітшілікті қолдау бойынша операциялар өткізу үшін жеке мемлекеттерде бар күштер мен құралдарды бағалауға бағытталды.

ҚР Қорғаныс министрлігі үшін бағдарламаға 33 мақсат белгіленді. Солардың ішінде НАТО стандарты бойынша бітімгерлік контингентін даярлау және жабдықтау, әскери қызметшілердің тілдік даярлығы, штабтық офицерлерді оқыту, қалалық жай-күйлергежалпы әскери операцияларды енгізу, дағдарыс оқиғаларының әсер ету мәселелері және тағы басқалары бар.