08.04.2015 в 09:18

Сайлау учаскелеріне пресс-тур ұйымдастырылды

Қызылорда қаласында сайлау учаскелерінің дайындығы бойынша пресс-тур ұйымдастырылды. Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері кезектен тыс Президент сайлауына №222, №209 және №196 сайлау учаскелерінің дайындығын көрді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Сайлау учаскелерінің дайындық жұмыстарына республикалық бюджеттен 38 млн. 176 мың теңге бөлінген. Қызылорда қаласы бойынша барлығы 97 сайлау учаскесі бар. Барлық сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған кабиналар, арнайы жәшіктер қойылған.

«10 сәуірден бастап, барлық учаскелерде сайлаушылардың тізімдері ілінеді. Қызылордалықтар өзін сол тізімнен тексере алады. Егер де сол сайлау учаскесінде тіркеле отырып, тізімнен өзін таба алмаса, сайлау учаскесінің комиссиясына баруға құқылы.

Облыстағы сайлау учаскелерінің 67 пайызы оқу орындарында, 22 пайызы мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда орналасқан. Қалған 11 пайызын емдеу мекемелері, шалғайдағы вахталық қоныстар мен әскери бөлімдер және т.б. құрайды. Оларды сайлауға байланысты жабдықтау үшін республикалық бюджеттен шамамен 700 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, сайлау күні үйден дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне келе алмайтын азаматтар үшін мобильді топ жұмыс істейтін болады. Мобильді топтың ішінде 1 бақылаушы, 1 сенімді өкіл және 2 комиссия мүшесі», - деді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Аралбаев.

Қазақпарат