15.04.2015 в 17:17

Жеңістің 70 жылдығына орай «Майдангерлер» фильмі жарыққа шығады

Оңтүстік Қазақстанда Жеңістің 70 жылдығына орай «Майдангерлер» деп аталатын қысқаметражды фильмнің түсірілімі жүруде. Ұлы Отан соғысына аттанған майдангерлердің жанқиярлық ерлігі баяндалған киноны Шымкенттік жас режиссер Серік Таласов түсіруде.

Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша  жасалынған 25 минуттық фильм Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалы мен Қазығұрт шағынауданында және Бәйдібек ауданының Бірлік елді мекенінде түсірілді.

Фильмдегі басты кейіпкер Болат Бегайдаров екі ағасының соңынан досы Бектемір Жанқожаевпен бірге өз еркімен соғыс майданына аттанады. Екі дос шайқас даласында жауға ерлікпен тойтарыс беріп, елге аман оралады.

Сонымен қатар, кинодағы рөлдерді Ошат Рахимов, Мұхан Шакиров, Мәжит Ильясқаров, Асылхан Төлепов, Құпия Рахымбердиева, Айжан Жұмабекова, Ғалымжан Қалыбаев, Құрманай Бақтиярқызы, Олжас Бекбаев, Азиза Түлкібаева, Қабыл Батыр сынды алматылық және шымкенттік танымал актерлер сомдауда.

Шымкентте 5 мамырда басты рөлдерді сомдаған актерлердің қатысуымен «Майдангерлер» фильмінің тұсаукесері өтіп, туынды еліміздегі телеарналардан көрсетілмек.

Отансүйгіштік пен елжандылықты насихаттайтын бұл фильм өскелең ұрпақты Отанды сүюге, адамгершілікке баулуға, халықтар арасында достықты нығайтуға үндейді.