16.04.2015 в 13:41

Сайлауды 10 мыңға жуық адам бақылайды

Қазақстанда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауды ҚР-дағы сайлауды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссияның (РҚК) 10 мыңға жуық бақылаушылары қадағалайды. Бұл туралы бүгін осы тақырып бойынша өткен семинар-тренингте РҚК мүшесі Владимир Тельман хабарлады, деп жазады Қазақпарат. 

 «РҚК төрағасы Қазақстан Азаматтық альянсын басқаратын Нұрлан Ерімбетов екенін білесіздер. Соның базасында біз комиссия құрдық. Негізінен, бақылаушылар корпусын құру аяқталып қалды. Астана штабы тізімді нақтылауда. Біз бақылаушылардың барлық сайлау учаскесінде болуын бақылауға тырысамыз. Біздің міндетіміз - сайлау туралы объективті көрініс алу. Ел бойынша 9,5 мыңға жуық сайлау учаскелері құрылды», - деді ол.

Оның айтуынша, келесі аптада үш үлкен семинар өткізу жоспарланған. Жиын барысында бақылаушы дауыс беру күнінде өзін қалай ұстау керектігі, оның нақты атқаратын жұмысы түсіндіріледі.

«Бақылаушылар - еріктілер, ынталылардан тұрады. Олар әлеуметтік тәжірибе алады, әрине, біз де олардың еңбегін бағалап, алғыс хаттар, сертификаттар беруге тырысамыз. Жастарға бұл өте бағалы болады деп ойлаймын», - деді ол.

 «Дауыс беру күніндегі сайлау комиссиясының қызметі» семинар-тренингінің ұйымдастырушысы РҚК мен Астана бақылауға жәрдемдесу орталығы.

Семинар барысында бақылаушының сайлау үрдісін бақылау барысындағы әрекетін, оның жұмыс күні егжей-тегжейлі қаралады, оларға ықтимал бұзушылықтарды тіркеу және комиссия штабымен байланыста болу үшін нұсқама таратылды. Бақылаушының сайлау учаскесінде өзін-өзі ұстау этикасына баса көңіл бөлінді.