17.04.2015 в 15:36

Иранға шығатын темір жол Қытайды қызықтырады

Өткен жылдың желтоқсанында іске қосылған «Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы» темір жолы Қытайдың қызығушылығын тудырды. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Еуразияны құру: Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты халықаралық конференцияда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мәлім етті.

«Бұл бағдар жаңа нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндіктер ашып отыр. Ол біздің қытайлық серіктестер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Бүгінде Қытайдың Парсы өңірі елдеріне тауарлар экспортына жаңа жоспарларды құру кезінде дәл осы дәліз қарастырылуда. Осыған сәйкес, біз Парсы шығанағы порттарында логистикалық міндетті қалыптастырудамыз. Бұл өз кезегінде бізге бұл бағдардың тартымдылығын арттураға жол ашады», - деді ҚТЖ басшысы.

Қазақстан транзиттік жүк тасымалы және бағдарларды дамыту бойынша жұмыстарға ерекше мән беріп отырғанына тоқталған ол, бұл тұрғыда ҚХР-мен жұмысқа айрықша назар аударылып отырғандығын атап өтті.

«Қытайдағы серіктестермен жобаларды іске асыруды ескере отырып, біз биыл Люньгань портынан Орталық Азияға 100 контейнерлік пойыз жасақтадық. Бұл жаңа көлем және бұған дейін темір жолда болмаған еді. Бұл жүктер теңіз көлігімен жеткізілетін. Осы орайдағы қадамдар ҚХР-дағы серіктестермен ары қарай жұмыс істеуге ынталандырады», - деді А. Мамин.