17.04.2015 в 15:51

Еуразиялық көліктік дәліздер жайы интеллектуалды ортада сараланады

Сәуірдің 20-сы күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Еуразияның көліктік дәліздері: ынтымақтастықтың жаңа жолдары» атты халықаралық конференция өтеді.

Қазір еуразиялық ынтымақтастықты біртұтас көліктік дәліздер саласында тереңдету мәселесі өзекті болып отыр. Көліктік желілердің экономикалық тиімділігі жоғары. Олар алыс-берісті арттырып, шалғай орналасқан нарықтарды байланыстырады, теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдерді жырақта қалдырмай, өндіріс иелерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында негізгі басымдықтың бірі осы көліктік дәліздер құру мәселесіне берілуі кездейсоқ емес. Оны жүзеге асыру Қазақстан үшін әлемдік экономикамен тығыз байланыс, әрі еліміздің көліктік әлеуетін арттырады. Шетелдік сарапшылар Қазақстан басшысының құрлықтық-көліктік жобаларға жол ашқын аймақтық көлік дәліздерін (Түрікменстан – Иран темір жолы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі, құрғақтағы Қорғас порты, Ақтау теңіз порты) дамыту идеяларын жоғары бағалайды.

Сондықтан, халықаралық конференцияның Қазақстан мен Еуразия елдерінің көліктік дәліздерді дамытуындағы негізгі аспектілерін талқылауға бағытталатын көрінеді. Ғылыми шараның жұмысына Қытай, Ресей, Еуропалық Одақ, Әзірбайжан, Иран, Түркия, Қырғызстан және Қазақстан сарапшылары, ҚР мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялар өкілдері қатысады, дейді аталған институттың баспасөз-қызметі.