300-ге жуық қазақстандықтар халықаралық лаңкестік ұйымдар құрамына қатысуда. Бұл туралы «ҚР-дағы мемлекеттік-конфессиялық қатынас» семинарында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков хабарлады.
«300-ге тарта қазақстандықтар халықаралық лаңкестік ұйымдарға қатысып жүр. Біз үшін бастысы - олардың саны. Ел ішінде де радикалдық идеологияны қолдайтындар бар. Олардың барлығы арнайы мемлекеттік органдарда тіркеулі. Олармен алдын алу және жедел жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Н. Сүйіндіков.
Бұл ретте 300 саны нақтылауды қажет етеді. Оның айтуынша, бұл сан күнделікті ауытқып отыруы мүмкін.
«Олардың саны ел ішінде қанша, қаншасына алдын алу жұмыстары жүргізіді, қаншасы шетелде, үйінде ұсталды, бұл үнемі жария етіле бермейді және жедел шараға жатады, екінші жағынан - бұлардың саны біздің арнайы қызметте тіркелген», - деді ол.
ҚР-дағы діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимылдың 2013-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында ҚР Бас прокуратурасы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне вебинар өткізгенін атап өткен жөн. Шараға Мәскеу Мемориалдық мешітінің имам-хатыбы, Ресей Еуропа бөлігінің Мұсылмандар діни басқармасы мүфтиінің орынбасары Амиль Аляутдинов шақырылды.
Н. Сүйіндіков атап өткендей, бірініш кезекте, республикада радикалдық идеологияны ұстанатын адамдармен жұмыс істейтін мамандар әзірлеу қажет.
«Озық елдер тәжірибесі көрсеткендей, мұндай адамдармен жоғары санатты мамандар жұмыс істеуі қажет. Олар сауатты теолог, социолог, шешен болуы тиіс. Кей елдерде мұндай мамандардың психология бойынша еуропалық білімі бар. Біз елімізде радикалдармен жұмыс істейтін адамдардың болмағанын, мұндай мамандарды дайындайтын курстар немесе ЖОО жоқ екендігін түсінуіміз қажет», - деп түйіндеді ол.