31.05.2015 в 21:37

Д.МЫҢБАЙ: ЕЛБАСЫНЫҢ «100 НАҚТЫ ҚАДАМ» ҰЛТТЫҚ ЖОСПАРЫ ЖАСАМПАЗДЫҚ ӘЛЕУЕТТІ КӨТЕРЕ ТҮСЕДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиялық бағдарламасында әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына ену жайында бастамасы халққа ерекше серпін берді. Осы асқақ мұрат-мақсатты жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы  “100 нақты қадам” ұлттық жоспарын ұсынды. Бұл пікірді ҚР Ұлттық музейі қызметкерлерінің Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлттық жоспарын талқылауы кезінде музей директоры Дархан Мыңбай айтты.

«Президенттің кешегі сайлауалды бағдарламасында жарияланған Қазақстанның даму жолына арналған бес институтционалдық реформасы тек халықтың ғана емес, әлемдегі саясаттанушылардың назарын аударды. Президенттің сол сайлауалды бағдарламасында белгіленген бес институтционалдық реформасы Ұлт жоспарының бес тарауын құраған «100 нақты қадам» бағдарламасы кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесінен басталуы да тегін емес. Сол сияқты «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» мен «Индустрияландыру және экономикалық өсім» тарауларындағы қадамдарда да елдің өркениетті, дамыған қоғамға жету жолындағы жүзеге асырылуға тиісті шарттар мен міндеттерді алға тартады», - деді Ұлттық музей директоры Д.Мыңбай.

Музей директоры өз сөзінде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам жоспарының» ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті көтере түсетініне де тоқталып өтті.

«Біртектілік пен бірлік жөнінде де нақты қадамдар жасалып, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Менің елім», «Нұрлы болашақ» сынды кең көлемді, ұлттық  жобаларын әзірлеп, жүзеге асыру  міндеттелген. «Мәңгілік ел» идеясы мен Баршаға ортақ еңбек қоғамы идеяларын одан әрі ілгерілету азаматтық біртектілікті күшейтіп, болашағы біртұтас ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті түбегейлі ашуға мүмкіндік бермек», - деді Д.Мыңбай.

Д.Мыңбай Елбасы жоспарының қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз болатынын да атап көрсетті.

«Біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямыздың табиғи қалпындағы құрамдас бөлігі және  Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу жөніндегі бұл бағдарламасы, «100 нақты қадамның» алғысөзінде атап көрсетілгеніндей, «2050-Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын берік қор жасап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын болады», - деді ол.