11.06.2015 в 13:21

ДСҰ: 20 жылдық еңбек ақтала ма?

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары жөніндегі 20 жылға жуық уақытқа созылған келіссөздерді аяқтады.

Сәрсенбі күні оның баспасөз қызметі хабарлағандай, қосылу жөніндегі құжаттар бумасы 22 маусым күні «кіру жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің мақұлдауына» ұсынылады, одан кейін ұйымның Бас кеңесіне бекітуге беріледі, деп хабарлады Дүниежүзілік сауда ұйымының баспасөз қызметінен.

«Мен ДСҰ мүше-елдері мен Қазақстан Республикасының үкіметін осы тарихи қадаммен құттықтаймын», - деп мәлімдеді ұйымның бас директоры Роберту Азеведу. «Мен Қазақстанды ДСҰ-да құттықтау сәтін күтудемін», - деп атап өтті ол.

Өз кезегінде жұмыс тобының мүшелері 10 маусымдағы өзінің отырысында ДСҰ-ның 20 жылдық тарихындағы «ең үлкен шаралардың бірі» болған келіссөздер үдерісінің аяқталуымен құттықтады.

Жұмыс тобының төрағасы, фин елшісі Васа Химанен Қазақстан делегациясының басшысы, экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанованы «тарихи жетістікпен» құттықтады.

ДСҰ баспасөз қызметінің атап өтуінше, Қазақстанның кіру үдерісінің «күрделілігі мен бірегейлігі» Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігімен байланысты тариф жөніндегі келіссөздер жүргізу қажеттігінен болды.

Қазақстан ұйымға кіру жөніндегі өтінішін 1996 жылғы 29 қаңтарда берген болатын.

Қазіргі кезде ДСҰ-ға кіру туралы келіссөздерді 21 ел жүргізуде, олардың арасында Әзербайжан, Беларусь және Өзбекстан бар. Ресей ұйымға 2012 жылы қосылды.

Бүгінде 161 мемлекет пен аумақтар мүше болып отырған ДСҰ  - әлемдік сауда саласындағы қадағалау қызметін жүзеге асырып отырған бірден-бір халықаралық орган.