19.06.2015 в 17:14

БАҚ саласына көңіл бөлініп жатыр - Мемхатшы

Бүгiн ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықованың төрағалығымен Президенттiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы 2015 жылғы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және алғысын жариялау жөнiндегi қоғамдық комиссияның отырысы өтуде.

«Бұқаралық ақпарат өкілдеріне жыл сайын берілетін президенттік сыйлық, грант және алғыс хат бар. Өздеріңіз білесіздер, БАҚ өкілдері қоғамның тұрақтылық айнасы ғана емес, сонымен қатар халықты жұмылдырушы күшке айналды әрі көптеген ұлы істерді жүзеге асыруда. Елбасы бұл салаға үлкен көңіл  бөлуде. Жыл сайын журналистермен кездесулер болып тұрады. Одан бөлек, үлкен медиа орталық салынып, коммуникация жөніндегі арнайы орталық құрылды. Сонымен қатар қазір ынталандыру мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын осы сыйлықтар беріліп келеді. Біз гранттарды 35 жасқа дейінгі азаматтарға беру, мұнан бөлек екі сыйлық, бірнеше алғыс хат табыстауды көздеп отырмыз», - деді комиссия отырысын ашқан Мемлекеттік хатшы.

Мемлекеттiк хатшы бүгiнде елдiң алдында тұрған саяси, экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi табысты орындау көп жағдайда қоғамның әлеуметтiк белсендiлiгiне байланысты екенiн, ал оған ықпал етуде отандық БАҚ маңызды рөл атқаратынын айтты.

Биыл қоғамдық комиссияның қарауына 81 ұсыным берiлген, атап айтқанда, оның 64-i журналистерге, 17-сi шығармашылық ұжымдарға қатысты. Бұл ретте 29 ұсыным баспасөзден, 44 ұсыным электрондық БАҚ-тан, 8-i белгiлi бiр БАҚ атынан ұсынылмаған жеке үмiткерлерден келiп түстi.

Қоғамдық комиссия отырысы барысында журналистердiң материалдарының деңгейiнiң жоғарылығы, сондай-ақ баспасөздiң Қазақстан дамуының маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтiк-экономикалық аспектiлерiн жариялап көрсетудегi маңызы сөз болды.

Талқылау қорытындысы бойынша, БАҚ саласындағы президенттiк марапаттарды тағайындау ережесiне сәйкес, қоғамдық комиссия ашық дауыс беру арқылы БАҚ өкiлдерiне 2 сыйлық беру, 2 грант тапсыру және 4 шығармашылық ұжымға Президент алғысын жариялау жөнiнде Мемлекет басшысына ұсыным жасауға бiрауыздан қаулы қабылданады.