Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппараттық жиын өткізді. Күн тәртібінде талқыланған мәселелердің арасында елордада бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау тақырыбы да болды, деп хабарлады астаналық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қаладағы бизнес-климатты жақсарту үшін рұқсат беру процедураларын азайту керек, деп санайды елорда басшысы. Оның айтуынша, барлық мемқызметтер тек қана ХҚКО арқылы жүзеге асырылуы тиіс және сәйкесінше қызмет көрсету уақыты ұзақ болмауы керек.
Бұл бағытта мемлекеттік қызмет көрсетудегі бизнес-үдерістерді зерделеп, оларды оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізу үшін арнайы жұмыс тобын құру керектігі айтылды.
- Бұл жұмысқа бизнес-қауымдастықты, кәсіпкерлер палатасын тарту қажет. Бұл жұмыстарды басқаруды Әлиев Нұрәлі Рахатұлына тапсырамын, - деді әкім. - Басты мақсат - Астананы бизнес жүргізу үшін еліміздегі ең қолайлы қалаға айналдыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын түсінбейтін және өз өкілеттігінен айрылғысы келмейтін басшылар жұмыстан босатылады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ҚР Инвестиция және даму министрлігі қамтамасыз етеді, бірақ жұмыс сапасы қала тұрғындарына әсер ететіні белгілі және оның салдарынан барлық сын әкімдік тарапына жолданады. Бұл ұзын-сонар кезектер мен қолайсыз ішкі логистика, қызмет көрсетуші персоналдың дөрекілігі мен тұрғындардың шағымдары.
Жоғарыда аталған жайттарға байланысты Ә. Жақсыбеков әкім аппаратына ХҚКО-ға байланысты барлық ескертулерді жоюға тапсырма берді.