19.08.2015 в 09:47

Қайраттар Президентке не айтты?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше қабылдаулар өткізді. Алдымен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов кірді. Кездесу барысында Қ.Келімбетов елдің қаржы секторы мен банк жүйесінің ахуалы туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев күрделі экономикалық жағдайға байланысты көп нәрсе Ұлттық банктің жұмысына, сондай-ақ мемлекеттің ақша-несие саясатына тәуелді екенін атап өтті.

- Бюджеттің жағдайының нашарлауына, барлық экспорттық тауарларымызға бағаның төмендеуіне байланысты Ұлттық банктің жұмысын жоғары біліктілікпен жүргізуі аса маңызды, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Ұлттық банк төрағасы биылғы қаңтар мен маусым аралығы кезеңінде инфляция 1,4 пайызға тең болғанын, бұл ретте жылдық инфляция 3,9 пайызды құрағанын айтты.

- Бұл осы уақытқа дейінгі ең төмен көрсеткіш, яғни біз инфляцияны 3-4 пайыз деңгейінде сақтау жөніндегі тапсырманы орындадық. Бұл орайда, Ұлттық банктің жиынтық халықаралық резерві 29 миллиард доллар болды. Салымдар бірінші жартыжылдықта 2,3 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздар үлесін азайту мәселесі шешілді, бұрын оның көлемі 33 пайызға жеткен болса, қазіргі уақытта ол 9,98 пайызға дейін төмендеді, - деді Қ. Келімбетов.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады. Кездесуде сот жүйесін «100 нақты қадам - баршаға арналған заманауи мемлекет» ұлт жоспары аясында реформалау шаралары және республика соттарының 2015 жылдың бірінші жартысындағы жұмыс қорытындылары талқыланды.

Қазақстан Президенті осы саладағы жаңа кодекстердің қолданыла бастауын және бас бостандығынан айыруды мемлекетке келген зиянның орнын толтырумен алмастыратын қамауға алуға балама шаралар мен жазаларды мейлінше кеңінен қолдануды қоса қамтитын реформалардың оң ықпалын атап өтті. Мемлекет басшысы барлық құқық бұзушылықтарды тіркеу ауыр қылмыстардың санын азайтуға септігін тигізгеніне назар аударды.

Жоғарғы сот төрағасы республикада сот төрелігін жүзеге асырудың өткен жартыжылдықтағы қорытындылары сапа көрсеткішінің тұрақтылығы мен істі қарау мерзімінің сақталып отырғанын көрсететінін айтты. Республикада шығарылған барлық сот актілерінің 98,6 пайызы заңды әрі негізді деп танылған. Елде сотталғандардың саны айтарлықтай қысқарып, ал жасалған экономикалық қылмыстар үшін мемлекетке қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі биыл шамамен 950 миллион теңгені құраған.

Қ.Мәми Жоғарғы Сот реформаны жүзеге асыру, соның ішінде үш буынды сот жүйесіне көшу тұрғысынан рет-ретімен жүргізілетін шараларды атқарғанын айтты. Сонымен қатар судьялыққа кандидаттарға арналған жаңа біліктілік талаптарын енгізу, Жоғарғы Сотта инвестиция жөніндегі мамандандырылған алқа құру және Халықаралық консультативтік кеңес құру мәселелері де қарастырылған. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.