Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңесі өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.
Кеңеске Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері мен бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Онда арнаулы органдардың қызметін жетілдіру, талдау және болжау жұмыстарының сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы сыртқы нарықтардағы үдерістерді мұқияттылықпен мониторингтеу, ахуалдың өзгеруін, ықтимал тәуекелдер мен қатерлерді бағалау, сондай-ақ оқиғалардың дамуын болжау негізінде алдын алу шараларын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ бес институционалдық реформаның және «Нұрлы жол» бағдарламасының стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі жұмыстары ел ішіндегі және әлемдегі жағдайды жан-жақты талдауға негізделуі тиіс екендігін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.