03.09.2015 в 15:14

Мерекелік шоуға 2,5 мыңнан астам адам қатысады

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін Қазақ хандығының 550-жылдығын мерекелеуге арналған мерекелік шоуға 2,5 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған, деп мәлімдеді бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова.

«Осы қойылым бойынша 2,5 мыңнан астам адам жұмыс жасап жатыр», - деді А.Райымқұлова. Оның айтуынша, бұл қойылым сонау сақтар, сарматтар кезеңінен басталып, Ұлы Жібек Жолы, Шыңғыс хан кезеңдерін қамтиды.

11 қыркүйекте өтетін іс-шараның мерекелік бағдарламасы сондай-ақ Қазақстан Президенті, шетел басшылары, халықаралық қоғамдастықтардың, отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиыннан тұрады.

Бұдан өзге, Назарбаев Университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Оған 1000-нан астам отандық және шетелдік ғалымдар, халықаралық сарапшылар, саяси партиялар, жетекші елдердің бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысады деп күтілуде.