14.09.2015 в 15:53

Назарбаев пен Рахмон кездесті

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Эмомали Рахмонға еліне шақырғаны және қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты, сондай-ақ тәжік халқын екі маңызды мерекемен – Тәуелсіздік күнімен және Гиссардың 3000 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан мен Тәжікстанды өзара құрмет пен сенімге негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстырады. Біздің елдеріміздің арасында саяси да, экономикалық тұрғыдан да келіспеушілік жоқ. Тәжікстан бізбен бауырлас ел, сондықтан біз оның орнықты дамуына мүдделіміз. Әлемдік экономикадағы қазіргідей күрделі жағдайда біздің бірлескен  ынтымақтастықты дамытуға қажетті мүмкіндіктеріміз бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ елдеріміз халықаралық саясатта ортақ қағидаттарға сүйенетінін, бұған ШЫҰ, АӨСШК және ҰҚШҰ секілді ұйымдар аясындағы тығыз ынтымақтастық айғақ екенін айтты.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар, бүгінде екі елдің серіктестігі түрлі салада, соның ішінде сауда-экономика саласында нығайып келе жатқанына тоқталды.

Сіздің бүгінгі сапарыңыз біздің елдеріміздің арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды дамыту үшін тың серпін береді, – деді Тәжікстан Президенті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарт;

– ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы ақпаратты техникалық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

–  ҚР СІМ және ТР СІМ арасындағы ынтымақтастық бағдарлама;

– ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы еңбек қызметі және еңбек мигранттарының, екі елдің аумағында уақытша жұмыс істейтін ҚР және ТР азаматтарының құқықтарын қорғау туралы 2006 жылғы 4 мамырдағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

– ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы білім саласындағы 2000 жылғы 13 маусымдағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ТР Үкіметі жанындағы жастар ісі, спорт және туризм комитеті арасындағы келісім.

Елбасы мен Тәжікстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді. Брифинг барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері өзара сенім мен достыққа негізделген саясат жүргізіп келе жатқанын айтты.

Тәжікстанда 90-жылдардың басында қиын кездер болды, бірақ біз әрдайым тәжік халқымен бірге болдық. Мүмкіндігімізге қарай гуманитарлық және әскери-техникалық көмек көрсеттік. Өйткені, біздің халықтарымыз Орталық Азияда бір-біріне деген құрмет негізінде өмір сүріп, өзара ықпалдасуға үйренген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы аумақтық және мәдени-тарихи жақындық секілді оң үрдістер бар екенін ескере отырып, елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды.

Қол қойылған стратегиялық серіктестік туралы келісім 80 құжаттан тұратын қолданыстағы шарт базасына серпін беретін болады. Қазақстан бүгінде индустриялық даму саясатын жүргізіп отырғандықтан, жекеменшік тәжік компанияларын мүмкіндігінше ынтымақтастыққа шақырамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел бір-бірін ЕҚЫҰ, БҰҰ және ИЫҰ сияқты жаһандық ұйымдар аясында қолдау көрсетіп келе жатқанын атап көрсетті.

Біз тәжік тарапына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне біздің кандидатурамызды қолдағаны үшін ризамыз. Сіздің ел су-энергетика саласындағы қарым-қатынастар бойынша да сындарлы көзқарас ұстанып келеді, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Тәжікстанның халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл барысындағы рөлі зор екенін атап өтті

Соңында Қазақстан Президенті  мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды.

Біз күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Бізде ортақ мәдениет пен тарих бар. Біздің өңірде ғасырлар бойы ұлы оқиғалар болып өтті, олар біздің халықтарымызды біріктіре түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақорда