Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған партия делегациясы Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Жоғары партиялық мектебіне барды.
Аталған мектептің тұрақты проректоры Хэ Итин мырзамен болған кездесу аясында «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебі мен Қытай Компартиясы ОК Жоғары партиялық мектебі арасында 2015-2017 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Екіжақты кездесулер барысында тараптар екі елдің билеуші партиялары арасындағы өзара байланысты одан әрі кеңейту мәселелеріне тоқталды.
ҚКП ОК Жоғары мектебінің тұрақты проректоры Хэ Итин ынтымақтастық туралы меморандумның партиялық кадрларды даярлауда тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партия Төрағасының Бірінші орынбасары екіжақты байланыстарды нығайту мен партиялық әріптестікті кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар «ChinaSo» ақпараттық технологиялар компаниясының президенті және Қытай журналистер Ассоциасы төрағасының орынбасары Чжоу Сишэнмен кездесу өтті.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 17 күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған делегация ресми сапармен Қытай Халық Республикасына барды. Сапар барысында «Нұр Отан» мен Қытай Коммунистік партиясының арасында 2015-2017 жылдарға арналған партияаралық ынтымақтастық туралы Хаттамаға қол қойылды.