Алматы облысының қант қызылшасын өсіруші кейбір шаруашылықтары биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, гектарынан 700 центнерден астам өнім жинады. Жиналған қант қызылшасы түбірінің салмағы 6,5 – 7 келі тартуда.
«Ағымдағы жылы түсім мол. Мәселен, бір қант қызылшасының салмағы 6,5-7 кг. Әр гектардан 700-750 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Біз Көксу қант зауытына қант қызылшасының алғашқы партиясын жөнелттік», - деді Сарқан ауданы «Ақ құдық» шаруа қожалығының басшысы Сержан Есімжанов.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы тамыз айында Алматы облысына жасаған сапары кезінде аймақта қант қызылшасын қайта жаңғырту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта өңір басшылығы тиісті жұмыстар жүргізіп, қант қызылшасын өсіретін шаруаларға 240 миллион теңге мемлекеттік субсидия бөліп, 1 миллиард теңгеге жуық қаражатқа арнайы техника, сапалы тұқым, жанар-жағармай сатып алуға жағдай жасады.
Ең бастысы еңбек еш кетпей, нәтижесін беруде. Жалпы, биыл облыс бойынша қант қызылшасы алқабының көлемі 4 мың гектарды құрады. Ескелді ауданындағы «Хильниченко және К» серіктестігінің өзінде тәтті түбір өсіруге 187 гектар алқап қарастырылған. Өзге шаруашылықтардағыдай мұнда да жұмыстың 65%-ын арнайы техника атқарса, қалған жұмыс көлемі қол күшімен істеледі. Жұмыстарға 27 техника жұмылдырылған. Тәулігіне 12 гектар алқап өнімін жинау арқылы барлық алқаптағы қант қызылшасын үш аптаның ішінде жинап бітіру жоспарлануда. Өнімнің сапасы да көңілден шығуда.
«Амандық Ғаббасұлы қант қызылшасына қатысты семинар-кеңес өткізгенде біз 500 центнер өнім жинау көзделіп отырғанын айтқанбыз. Сол межеден табыламыз, мұнша өнімді демде жинап беретіндей жағдайымыз бар. Біздің пайымдауымызша, биылғы жылы гектарынан 700 центнер өнім жинаймыз», - дейді «Хильниченко және К» серіктестігінің өсімдік шаруашылығы төрағасының орынбасары Виктор Романенко.
Биыл Көксу ауданындағы қант зауыты күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылды. Облыста қызылша өндіру жұмысы жанданып келеді, ал келесі жылы шаруалар қант қызылшасы егістіктерін ұлғайтуды жоспарлауда.
Айта кетерлігі, биылғы жылғы қыркүйек айында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында областық партиялық активімен кездесіп, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының басшыларымен және «Хильниченко и К» ЖШС жанында құрылған партиялық топтардың жетекшілерімен кездесті.
Облыс белсенділерімен кездесуде Мемлекет басшысының «Нұрлы жол», Бес институционалдық реформасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардың, партияның Сайлауалды тұғырнамасының орындалу барысы мен нұротандықтардың осы бағаттағы мақсат-міндеттері талқыланды.
Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының сапары Талдықорған қаласындағы «Хильниченко және К» шаруашылығында жалғасын тапты. Аталмыш серіктестік негізінде құрылған партиялық топтар жетекшілерімен кездесу барысында елімізде шағын және орта бизнестің дамуы мәселелері, жаңа экономикалық саясат аясында елде жүргізіліп жатқан реформалар, әсіресе экономика саласында орын алған қиыншылықтарға байланысты валюта нарығындағы өзгерістер сөз болды.