Кездесу барысында мемлекет басшылары сауда-экономика, қаржы-инвестиция, көлік транзиті және ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдың басымдығы бар аспектілерін қарастырды, халықаралық күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Қытайға бүгінгі сапарының АӨСШК ІV Саммитінің өтуімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Біз АӨСШК-ге сіздің елдің төрағалық етуінен үлкен үміт күтеміз және Кеңестің іс басындағы халықаралық ұйымға айналатынына сенім білдіреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылының негізі экономикалық ынтымақтастық екеніне назар аударды. Ол 2016 жылға қарай өзара тауар айналымының деңгейін 40 миллиард долларға жеткізу жоспарын еске салды.
– Сіз Астанада 2013 жылғы қыркүйекте «Жібек жолының экономикалық белдеуін» қалыптастыру бастамасын көтердіңіз. Қазақстан экономика, сауда, көлік, инвестиция, қаржы және мәдениет сияқты салаларды қамтитын бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру жолдарын қарастыруға белсене атсалысуға әзір. Осы бастаманың жүзеге асырылуы бүкіл өңіріміздің дамуында маңызды рөл атқарады, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Си Цзинпин екіжақты ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін атап өтіп, бұдан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, бейбітшілікті жақтаушы ұйымдар мен жекелеген тұлғалар тарапынан Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жібек жолы» рухын биіктеткені, өзара сенімді, достықты, ынтымақтастықты нығайтқаны, әлем елдерімен бірге өсіп-өркендеуге, татулыққа және ортақ дамуға ықпал еткені үшін «Жібек жолы әлемі» сыйлығы тапсырылды.
***
Сапар қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға:
– Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен декларациясына;
– «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «CITIC Group Corporation» корпорациясы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға;
– «Петро Қазақстан ойл продактс» ЖШС жобасын қаржыландыруға қатысты ҚХР-дың ЭКСИМ банкімен өзара түсіністік туралы меморандумға;
– «ҚДБ» АҚ мен ҚХР Мемлекеттік даму банкі арасында жалпы сомасы 500 миллион АҚШ долларының несие желісін ашу туралы бас келісімге;
– Мұнай-газ құбырларын шығаратын зауыт құрылысы жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «CNPC» корпорациясы арасындағы негіздемелік келісімге қол қойылды.