Әлеуметтік желілерде, ақпараттық кеңістікте қанша жерден зорлық-зомбылық ашық насихатталса да, қайырымдылық, мейірімділік жойылған жоқ. Табиғи апаттар кезінде жұдырықтай жұмылып кетуімізге де әлеуметтік желілер сеп бола білді. Бір реттік жылт етпе акциядан шаршаған қоғам үшін жақсы жаңалық бар. "Нұр Отан" партиясы «Мейірімді жүрекпен» қоғамдық қозғалысын бастап отыр. Бұл жобаның бір ерекшелігі жыл он екі ай тоқтаусыз жалғаса береді.
Әрбір қалада әлеуметке арналған тегін дүкендер ашылып жатыр. Әзірге Алматы, Ақтөбе, Атырау, Талдықорған қалаларынан ашылған мұндай орталықтар алдағы уақытта елімізді тұтастай қамтымақ. Өзіңізге қажетсіз бірақ пайдалануға болатын тұрмыстық заттар, киім-кешек барлығын сол орталықтарға тапсыруға болады. Нақты мекенжайлары әрбір қала үшін «Астана» телеарнасында жүгіртпе жол, «Нұрмедиа» ходингіне қарасты БАҚ арқылы хабарланып тұрады.
Әлеуметтік жағдайы төмен, кез-келген көмекке мұқтаж жан орталыққа келіп, өзіне қажетті сырт киім, аяқ қиім, үй жабдықтары мен ойыншықтар сияқты заттарды тегін ала алады. Орталықтың жұмысы ашық және көпшілікке қолжетімді түрде жұмыс істейді. Әр ай сайын әлеуметтік желілерде мейірбандық танытқан тұлғалардың, ұйымдар мен компаниялардың тізімдері және көмек алушылардың саны көрсетіліп, мәлімет беріледі.
Шараны ұйымдастырушылар қайырымдылық мақсаттағы және үкіметтік емес ұйымдар, шағын және орта кәсіпкерлік, «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясы аймақтық филиалдарының өкілдері, ірі сауда орталықтары мен базарлардың иелері.
Сонымен қатар кез-келген адам «Мейірімді жүрекпен» қоғамдық қозғалысының қатарына еніп, игі істерге өз үлесін қоса алатынын атай кеткен жөн.