Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында халық алдында есеп берді. Онда әкім өткен 2015 жылы өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы бес жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады.
Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ж.Естенов қатысты.
Жылдық есептің ерекшелігі сол, өңіріміздегі барлық аудан, қалалардағы тұрғындар әкім есебін онлайн режимінде тыңдап, сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды.
Өткен 2015 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 668,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2014-ші жылмен салыстырғанда 64,5 млрд. теңгеге артқанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 5-ші орынды иеленіп отыр. Ал 2015 жылы жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1 адамға шаққанда 48 мың АҚШ долл. құрады. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 18% артқан.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 344,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,5% өскен. Республикада мақтаның өнімі бойынша 100% көрсеткішті Оңтүстік Қазақстан облысы беріп отыр. Ал, бақшаның өнімі бойынша 65%, жеміс-жидек 36%, жүзім 65% біздің облысқа тиесілі. Жалпы атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, республикада алдыңғы орындарды иеленіп келетіндігіне тоқталды.
Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы - Елбасының халыққа жасаған Жолдауы аясында және мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспары - 5 институционалды реформаны іске асырудың 100 нақты қадамын жүзеге асыру шеңберінде іске асатынын жеткізді.
Мәселен, облысымызға тек өткен жылы 143 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 58 жаңа жоба іске асырыла бастады. Олардың үштен бірі (36%) шетелдік инвесторлардың қатысуымен. Ал, жалпы өңірге бүгінгі таңда шетел капиталынан 48,3 млрд. теңге инвестиция тартылса, болашақта шетел инвестициясынан бөлек, отандық кәсіпкерлерді де тарту көзделіп отыр.
Инвестиция тартудың тағы бір тетігі – бұл индустриалдық аймақтар.
Өткен жылы қосымша 3 индустриалдық аймақтың құрылысы аяқталып, осы жылы тағы 5-ін іске қосу жоспарлануда. Сонымен өңірде жалпы 11 индустриялды аймақты құрап отыр.
Осы аймақтарға инвестиция көлемі 145 млрд. теңгені құрайтын 142 жоба мақұлданып, олардың 50-і толық іске қосылған.
Алғашқы ашылған «Оңтүстік» индустриалдық аймағында орналасқан кәсіпорындар есебінен бүгінгі күнде бюджетке салық ретінде 4,4 млрд. теңге түсіп, мемлекеттің инфрақұрылымға жұмсаған 6,8 млрд. теңгенің 65% бюджетке қайтқан.
Ал кәсіпкерлікті қолдау бойынша әкімшілік барьерлерді азайтуға күш салынып жатыр. Осы мақсатта облыста «бір терезе» принципі бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Барлық аудан, қалаларда кәсіпкерлік мектептер ашылған. Сонымен қатар, Қазақстан бойынша біздің облыста ғана несие беретін «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталық жұмыс істейді. Ол орталық – екінші деңгейдегі банкттерден пайыздық мөлшері төмен несие береді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі