03.03.2016 в 18:37

Президент шенеуніктерді қабылдады

Елбасы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрі кездесу барысында Мемлекет басшысына құқық қорғау жүйесін реформалау аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар мен жергілікті полиция қызметінің алғашқы қорытындылары туралы, сондай-ақ қылмыспен күресті күшейту және елдегі құқық тәртібін қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде баяндады.

Қазақстан Президенті «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген тетіктерді енгізу құқық қорғау органдарына өз функцияларын барынша тиімді іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына дайындық пен оны өткізу барысында құқық тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қ.Қасымов пенитенциарлық инфрақұрылымды мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту аясында жаңғырту туралы, сондай-ақ азаматтық қорғаныс қызметі, төтенше жағдайлардың алдын алумен және болдырмаумен айналысатын органдар жұмысы жөнінде баяндады.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

С.Мыңбаев Мемлекет басшысына ұлттық компанияның 2015 жылғы қызметінің қорытындылары мен таяу келешекке арналған жоспарлары туралы баяндады.

Кездесуде қаржы-өндірістік қызмет мәселелері қозғалып, компанияны дамытудың негізгі бағыттары бойынша дағдарысқа қарсы шаралар талқыланды.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.