11.03.2016 в 18:49

Әбдіқалықова АҚШ-та "Болашақ" студенттерімен кездесті

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың АҚШ-қа жасаған сапары Вашингтоннан басталды. Мемлекеттік хатшы күн тәртібінің тығыздығына қарамастан, АҚШ қауымдастығының сарапшылары, іскер қауым өкілдері және ресми тұлғалармен жүздесті, деп хабарлайды Bnews.kz.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Сара Сьюэлмен өткен келелі кездесуде Гүлшара Әбдіхалықова азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтарын талқылады. Мемлекеттік хатшы тараптарға Қазақстан Президентінің Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамның» негізгі басымдықтарын түсіндіріп, 5 институционалды реформаға тоқталды.

Гүлшара Әбдіхалықова сондай-ақ,  Вудро Вильсон атындағы АҚШ халықаралық ғылыми орталығында сөз сөйледі. Онда жалпыұлттық бірлік, этносаралық келісім мен білікті де білімді маман дайындау жолындағы «Болашақ» бағдарламасы да жан-жақты талқыланды. Жүздеген сарапшы мен сақа саясаткердің басы қосылған жиында Елбасының ел еңсесін тіктеу жолындағы экономикалық ілкімді істері мен нәзік жандарға жасалып отырған мүмкіндіктері туралы айтылды.

Мемлекеттік хатшы сапарының екінші күнінде «ғаламдық әріптестік «жанды дауыс» атты халықаралық үкіметтік емес ұйымның қабылдауында болды. Күн тәртібінің ауқымдылығына қарамастан Гүлшара Әбдіқалықова мұндағы «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесті. Ал ертең мемлекеттік хатшы наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға қатысады деп жоспарланып отыр.

Бұдан кейін қазақстандық делегацияның жұмыс сапары Нью-Йоркте жалғасады. Мұнда Г.Әбдіхалықова БҰҰ әйелдер ісі жөніндегі комиссияның 60-сессиясына қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы отбасылық және демографиялық саясат ісі жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы жөнінде баяндама жасайды деп күтіліп отыр.

Тегтер: