18.03.2016 в 12:36

"Мәңгілік ел" пойызы соңғы аялдамаға келді

Кеше жұрт «Алматы-2» темір жол бекетінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнал­ған «Мәңгілік Ел» пойызы жалпы республикалық акциясына қатысу­шыларды салтанатпен қарсы алды. 15 ақпан – 18 наурыз аралы­ғында елі­міздегі 33 елді-мекенде өз жұмысын жүргізген «Мәңгілік Ел» пойызы соңғы аялдама – Алматы қаласына келіп тоқтады.

Әлеуметтік ауқымды акция қазақстандықтарға бес институцио­нал­ды реформаның жүзеге асуын түсіндіру, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын танымал ету, мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізу, тұрғын­дарға медициналық, әлеуметтік, құқық­тық қызметтер мен кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы бойынша кеңестер өткізу мақсатын көздеді. Ауқымды акцияның қатысушыларын қарсы алу рәсімінде қала әкімінің орынбасары Румиль Тауфиков бір ай көлемінде алыс аймақтардағы мыңдаған тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетілгендігін атап өтті.

– Аталған акция Қазақстан халқының нығая түсуіне және біріг­уіне септігін тигізеді. Тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімді басты құндылық деп санайтын халық үшін «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы рухани тірек болып табылады, – деді Румиль Тауфиков.

Делегация құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ҚР Инвестиция және даму министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі және меди­цина қызметкерлері кірді.

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылында мемлекетіміз мерейлі жетістіктерге қол жеткізді. Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірін аралаған акция қатысу­шылары жергілікті тұрғын­дармен кездесулер өткізіп, өзекті мәселелерді анықтап, «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі құндылықтарын түсіндірдік. 11 мың шақырымды арт­қа тастап, 55 мыңға жуық адам­ қабыл­дадық, оның ішінде 13 мың адам жоғары дәрежелі мамандардан медициналық кеңес алды, – деді пойыз деле­гациясының мүшесі, жазу­шы, ғалым Әміржан Әлпейісов.

Акцияға 100-ден астам дәрігер қатысты

«Достық үйінде» өткен жиында «Мәңгілік Ел» пойызы жалпыреспуб­ликалық акциясының қорытынды­лары жасалды. Ізгі шараның қатысу­шыларының мәліметінше, акцияға экспедиция барысында  300 адам қатысқан, олардың 60 пайызын медицина қызметкерлері құраған.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министр­лігінің стацио­нар­лық медициналық қызмет бас­қарма­сының басшысы Нұрлан Қы­дырбаевтың айтуынша, акцияда Астана мен Алматы қалаларындағы медицина орталықтарының терапевт, кардиолог, травматолог, эндо­кри­нолог, ортопед тәрізді 100-ден аса мамандары қатысты.

– Сапар барысында күнделікті қабылдаулар өткіздік. Біздің маман­дарымыз шет елдерде тәжірибеден өткен. Консультация кезінде кардио­логиялық, неврологиялық аурулар бойынша диагноздар қойылды. Әрбір аймақта жергілікті аумаққа тән аурулар анықталды. Мысалы, шығыс пен солтүстікте қатерлі аурулар анықталса, батыс пен оңтүстікте демографиялық өсуге байланысты тұрғындар балалар травматологы мен эндокринологына көп жүгінді, – деді Нұрлан Қыдырбаев.

Аталған акцияның біркүндік емес екендігін атап өткен ол ізгі шараның әрі қарай жалғасын табатынын жеткізді. Медициналық тексерістен өткен науқастарға нұсқаулар беріліп, әрі қарай медицина орталықтарына ем қабыл­дауларына жіберілді.

Басқосу барысында Нұрлан Қыдыр­баев Алматы қаласындағы шарапатты шараның барысымен таныс­тырды.

– Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жаңа – Алатау және Наурызбай аудандарын таңдады. Аталған аудан тұрғындарына №29 емханада жоғары деңгейлі дәрігер­лердің көмегіне зәру науқастарға медициналық көмек көрсетілді, – деді ол.

Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, пойыз әлеуметтік жұмыс атқарады, сондықтан, оны әлеуметтік деп атауға болады.

– Бір айдың ішінде «Мәңгілік Ел» пойызы біздің үйімізге айналды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ел-жұрт бізді құшақ жая қарсы алды. Байтақ елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері ба­лабақшаны мемлекеттік тілге көшіру­ге байланысты өздерінің ұсыныстарын білдірді. Сапар барысында алыстағы ауылдарда тұратын ақсақалдардың Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясымен жақсы таныс екендігіне көз жеткіздік. Біз барған жерлерде кітапханаларда кездесу ұйымдас­тырдық. Қазақстан халқы Ассамблея­сының мұрындық болуымен жарыққа шыққан Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан тари­хына, этникалық-мәдени орталық­тардың тарихына байланысты кітаптарды кітапханаларға сыйға тарттық, – деді Әміржан Әлпейісов.

almaty-akshamy.kz

Тегтер: