Сенаттың осы сессиядағы соңғы отырысында Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сессия барысында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Bnews.kz агенттігі.
«Биылғы сессияда Сенат Мәжіліс және Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізе отырып, Елбасының тапсырмаларынан туындаған кешенді шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттерді жүзеге асырды. Парламент қабылдаған 104 заң тұтастай алғанда дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық міндетті табысты жүзеге асыруымыздың берік құқықтық негізі болары анық», - деді Қ.Тоқаев.
«Сенат республикалық бюджет туралы заңнаманы қайта қарап, уақытына сай түзетулер енгізді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті елді индустриялық жаңғыртудың басты құралы ретінде танып, жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Осы ретте сессия барысында кәсіпкерлікті дамытуды ынталандырудың, қаржы секторының әлеуетін арттырудың, инвестициялық ахуалды жақсартудың жаңаша заңнамалық негізі қаланды. Бірегей инвестициялық шарттар, ең төменгі салықтар және инвесторлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының тұрақтылығы заңнамалық тұрғыдан бекітілді», - деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев атап өткендей, Парламент қабырғасында қабылданған құжаттардың қатарында Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға және бизнес пен мемлекеттің тиімді өзара ықпалдасуын нығайтуға бағытталған заңдар бар. Қылмыстық-процестік, қылмыстық атқару және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жаңа редакцияларын талқылау және қабылдау бойынша Парламентте өте жоғары деңгейде нәтижелі жұмыстар жүргізілді.
«Депутаттар мен заң жобаларын әзірлеушілер мемлекеттік органдардан, қоғамдық ұйымдардан, кәсіпкерлер және заңгерлер қауымдастығынан келіп түскен ұсыныстарды қызу талқылап, Сенат сындарлы пікір алмасу алаңына айналды. Палата заң жобаларынан басқа Сенаттың дербес құзыретіне жататын мәселелер бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізді», - деп қосты ол.
Сенат төрағасының айтуынша, депутаттық сауалдар парламенттік бақылаудың пәрменді құралы болып табылады. Осы ретте сенаторлар сессия барысында әлеуметтік-экономикалық маңызы бар тақырыптар бойынша 140-тан астам сауалдар жариялап, қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселелердің оңтайлы шешім табуына тікелей үлес қосты.
«Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесінің депутаттық тобы Елбасының өңірлерді дамыту жөніндегі бастамаларын және жергілікті мемлекеттік өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы кеңінен түсіндіру мен насихаттау жұмыстарын белсенді түрде жалғастырып келеді. Палата Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын ілгерілету мақсатында шет елдермен екіжақты және көпжақты негізде парламентаралық байланыстарды тереңдете түсуде», - деді Қ.Тоқаев.
Сессия барысында сенаторлар 70-ке жуық шетелдік іс-сапарларда болып, маңызды халықаралық іс-шараларға қатысқан. Сондай-ақ, достық және өзара әріптестік мәселелері бойынша мемлекеттердің саяси, қоғам қайраткерлерімен, беделді халықаралық ұйымдардың өкілдерімен және депутаттармен 20-дан астам кездесу өткізіпті.
«Парламент сессиясының жұмысы аяқталғанымен, депутаттық қызметтеріңіз жалғаса бермек. Сіздер өңірлерге жұмыс сапары барысында Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралар мен қабылданған заңдар туралы халықты кеңінен хабардар етесіздер деп сенемін», - деп түйіндеді Сенат төрағасы.