Түркі кеңістігінде жаңа басылым дүниеге келді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астана қаласындағы Түркі академиясы «GLOBAL-turk» атты сараптамалық-талдау бағытындағы халықаралық журналының алғашқы санын жарыққа шығарды.
Сүбелі басылым түркітанумен ғана шектелмей, Еуразия кеңістігін ен жайлаған Түркі әлемінің өзекті мәселелеріне қатысты тың зерттеу мақалалар, түркі интеграциясы туралы терең ізденістерді жариялап отырады. Түркі елдері ғалымдары арасында ортақ күн тәртібі мен ғылыми дискурс қалыптастыру да көзделіп отыр.
Өткен айдың басында Түркияның Бодрум қаласында өткен Түркі Кеңесінің IV саммитінде Түркі академиясына түркі әлемі елдерінің интеграциясы жолдарын айқындау үшін бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мүше-елдердің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру ұсынысын жасады. «GLOBAL-turk» журналы сол міндеттерді орындау мақсатында жарыққа шықты.
Редакция алқасы құрамына Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстанмен бірге Жапония, АҚШ және Ресей Федерациясы сияқты елдердің белгілі ғалымдары мен халықаралық ұйымдардың басшылары, стратегиялық орталықтардың жетекшілері кірген.
Екі айда бір рет жарық көретін халықаралық басылымға Түркі Кеңесіне мүше елдердің тілдерінде (қазақ, түрік, әзірбайжан және қырғыз) сонымен қатар, ағылшын және орыс тілдерінде мақалалар қабылданады.
«GLOBAL-turk» сараптамалық-талдау халықаралық журналы «гуманитарлық ғылымдар», «халықаралық қатынастар», «әлеуметтік-саяси үдерістер» мен «тарих мәселелері» деген бөлімдер бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми мақалаларын басып отырады.
Журналдың алғашқы санында Қазақстан, Германия, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері ғалымдарының тарих, түркітану, ұлттық болмыс, Орта Азия саясаты, Еуразия жайы, дін т.б мәселелерге қатысты салмақты мақалалары жарияланды.
Қазақтың белгілі ғалымы Олжас Сүлейменовтың «Шумерден Қытайға дейін және одан ары (көне түркі жазбалары дереккөздері туралы)» зерттеуі беташар мақала ретінде берілген. Неміс ғалымы Невская Иринаның «қазіргі түркология және еуразиялық кеңістіктегі халықаралық әріптестік» мақаласы, өзбекстандық шығыстанушы ғалым Мирзохид Рахимовтің «Орталық Азияның ішкі және сыртқы өңірлік байланыстарының түйткілдері мен болашағы» атты мақаласы да сонылығымен ерекшеленеді.
Журналдың алғысөзінде «түркі елдерінің өзара ынтымақтастығына септігімізді тигізумен ғана шектелмей, қазіргі әлемнің геосаяси, геоэкономикалық құрылымында, рухани үдерістерінде де ерекше рөл ойнайтын Еуразия деңгейіндегі ғылыми ой-пікір айналымына үлес қоса отырып, сол арқылы жаһанданған әлемнің тұрақты дамуына да қолымыздан келгенінше ықпал ету» деп жазылған.
saigez-ақпарат