Президент Әкімшілігінің басшылығы ауысқалы барлық жердегі мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру жолында қатаң тәртіп орнатылғандай. Үш облыстағы сылбыр жұмысты жеделдету мақсатында әкімдерін ауыстырылды. Өңірлерде атқарылып жатқан шарулар да қатаң бақыланатын болады дейді, сарапшылар. Қазір Президент әкімшілігі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға жауапты басшылық қызметтегі лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі саясатты жалғастырып жатыр.
Күнделікті форматта Премьер-Министр Кеңсесі басшылығының, министрлердің орынбасарларының, жауапты хатшылардың, облыс әкімдері орынбасарларының және ұлттық компания басшыларының Мемлекет басшысы тапсырмалары мен актілерін сапалы әрі дер уақытында орындалуы бойынша атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалып жүр.
Кезекті есептің қорытындысында Президенттің 2010 жылдың 27 сәуірдегі №976 Жарлығына сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапасыз орындаған бес саяси қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Премьер-Министрдің бұйрығымен «2020 жылға дейінгі елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын әзірлеу жөніндегі» Мемлекет басшысының тапсырмасын сапасыз орындағаны үшін Ауыл шаруашылығы вице-министрі С.Омаровқа ескерту жарияланды.
Астана қаласының, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдерінің бұйрығымен:
«Коммуналдық қызмет төлемдері үшін бірыңғай төлем құжатын енгізу жөніндегі және «Жерұйық» саябағы құрылысына» қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапасыз орындағаны үшін Астана қаласы әкімінің орынбасары В.Крыловқа сөгіс жарияланды;
Өскемен қаласындағы Қан орталығы құрылысының аяқталу мерзімін бірнеше мәрте ауыстырғаны, сонымен қатар «350 дәрігерлік амбулатория мен емхана құрылысы бойынша» Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында денсаулық сақтау нысандары құжаттамаларын уақытында дайындамағандары үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е.Текешовке қатаң сөгіс жарияланды, ал Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Г. Мұхамбетов пен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С. Алдашовқа ескерту жарияланды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындау бойынша Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің бірлескен жұмысы жалғасатын болады.
Мемлекеттік саясатқа селқос қарайтындар көп. Алдағы уақытта жоғары лауазымға ие болып отырғандардың да есімін естіп қалармыз...