МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАР ҚАМҚОРЛЫҚТА

Жамбыл облысы
19.11.2018, 00:07

Ұрпақ саулығын ойлаған орталық. Жамбыл ауданының Аса ауылындағы емханада бұл орталық ашылғалы талай мүмкіндігі шектелген балалардың үміт оты жанды. Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы жүйке-неврологиялық ауытқуы бар және қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, экономикалық, мәдени, құқықтық секілді 7 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетумен айналысады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында көрсетілген тапсырманың бірі де осы ұлт саулығы болатын. Жолдауда: «Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс» деп атап айтты.

Мекеме директоры Жанна Баубекова орталық ұсынып отырған әлеуметтік қамқорлық көрсету шаралары негізінен екі топты қамтитынын, оның бірінші тобында 1,5-7 жас аралығындағы балалар болса, екінші топтағылар 7-18 жас аралығындағылар екенін айтады.

– Жалпы, аудан бойынша 310 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Дегенмен, оның барлығы бірдей тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе жүйке-неврологиялық ауытқуға ұшыраған балалар емес. Олардың арасында қан ауруына шалдыққан, жүрек, бүйрек секілді ішкі ағзасының бұзылуынан тағдыр теперішін тартып отырғандар да бар. Осы ретте, біздің мекеме ұсынған қызметті 30 бала алып жатыр. Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан біз көрсететін қызмет стандартынан бөлек басқа да диагноз бойынша, мәселен, жүрек ауруына шалдыққан балаларды да қабылдауымыз жөнінде ұсыныстар келіп түсуде. Әзірге оған бізде еш мүмкіндік болмай тұр, – дейді Жанна Иманқұлқызы.

Жартылай стационарлық мекемеде кіші топ түскі үзіліс кезінде демалады екен. Негізінен, жеткіншектер мұнда азаннан кешке дейін тәрбиемен, тиісінше ыстық тамақпен, бесіндік ас және тоқбасармен қамтылған. Орталықтағы емдік дене шынықтыру, ойын залдары, әдістемелік кабинеті, сенсорлық, оқу, жаттығу, жатын бөлмелері, асханасы заманауи оңалту-жетілдіру жабдықтарымен жоғары деңгейде жарақтандырылыпты. Шайқорық, Бесжылдық, Шоқай, Ащыбұлақ, Еңбек секілді шалғай ауылдардың балаларын тасымалдауға 11 орындық «Газель» автокөлігі қарастырылған.

Мұндағы балалар аудандық орталық емхана тарапынан жіберілетін ортопед, психиатр, невропатолог, педиатр секілді мамандардың да қарауына жүгінеді. ІІ санатты психолог маман Айнұр Абралиеваның айтуынша, оңалту орталығының ұсынған қызметін өзге білім беру мекемелері алмастыра алмайды. Мұнда психикалық дамуында тежелу, ақыл-ой кемістігі нашар дамыған, тірек-қозғалыс аппаратының бұзылуы, жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын ауруларымен, сөйлеу тілінде қатты кемістігі бар, есту қабілеті бұзылған балаларға емдік тұрғыдан бөлек, психологиялық түзеу мен оңалту түріндегі кешенді психологиялық-медициналық, педагогикалық көмек көрсетіледі.

– Орталықтағы әрбір маман бала жағдайын бірлесіп талқылау нәтижиесі бойынша түзету-дамыту үдерісін анықтап, осы арқылы жұмыс істейді. Мәселен, мен баланың бейімділігін арттыру үшін сабақтарды заманауи талаптарға сай құрастырып, қазіргі білім берудің жаңаша технологиялық элементтерін қолдануға күш саламын.

Жалпы, балаларды жас ерекшеліктеріне қарай оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекеттерге ынталандырып, психологиялық көмек көрсетемін. Оның ішінде әңгімелесу, қарым-қатынас орнатуда мейірімділік, достық пейіл таныту, оларды тыңдау, демеу, белсенділікке ынталандыру, қолайлы психологиялық климатпен қамтамасыз ету, жайсыздық, бір-бірімен келіспеушілік туындамас үшін отбасына да психологиялық көмек көрсетудің маңызы зор. Бұл тұрғыда жанжал немесе стресс секілді жағдайлардың алдын алу, тренинг өткізіп, кеңес беру біз үшін басты мақсат. Сондықтан да «Психологиялық қолдау ұстанымдары», «Ата-ана ұстанымының бала дамуына әсері», «Шын көңілмен бірге ойнайық», «Дамуында әртүрлі кемшілігі бар балалардың тұлғааралық қарым-қатынас ерекшеліктері», «Арт-терапия әдісінің беретін мүмкіндігі мен әдісі», «Жарасымды отбасы», «Жақсы мінез – жан айнасы» секілді көптеген тақырыптарда сабақ өткізіліп тұрады, – дейді Айнұр Абралиева.

Орталық қызметіне жүгінуші ата-ананың бірі – Назира Еділбаева. Ол 18 жасар ұлын осында әкеліп жүргеніне 4-5 жылдың жүзі болғанын айтады.

– Біз аудан орталығы – Аса ауылының тұрғынымыз. Балам тірек-қимыл аппараты бұзылған науқастар санатында. Әу баста ұлым қолына берген затты өз бетінше ұстай алмайтын. Бүгінде Аллаға шүкір, керек затына өзі қолын созып, ұстай алатын жағдайға жетті. Сөздерді айтуда да әжептәуір ілгерілеушілік бар, – дейді ол.

Мұндағы балалар үшін әр кез серуен ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге арналған театр туындыларын тамашалауға да мүмкіндік берілген. Тараз қаласында орналасқан «Айырылмас» ойын-сауық орталығы балалардың тегін әткеншекке ойнауына мүмкіндік жасап отырса, «Қызыл-ай» қоғамдық қоры аудандық филиалының төрайымы Шарипа Елібаева сыйлыққа ойыншық, кітаптар үлестіріп, әрі бір сәт қызыққа бөленуіне септігін тигізіп жүр. Осындай бағытта қамқорлық танытып жүрген өзге де жаны жомарт азаматтар жоқ емес.

Тегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Десе де, осындай қамкөңіл балаларға қоғам тарапынан жасалып отырған қамқорлық ел болашағының қамы, мемлекеттіліктің белгісі. Жеткіншектерге сапалы әлеуметтік қызмет көрсетумен қатар, олардың еңсесін тіктеп, ертеңгі күнге нық сеніммен қарауына жағдай жасап отырған орталықтың оңды істері шынында да мақтауға тұрарлық.

Сұхбат

PhotoRoom