Фрэнсис ФУКУЯМА

Рейтинг
04.07.2014, 09:40

 

«Тарихтың ақыры және соңғы адам»

Соңғы жылдары дүние жүзінде либералды демократияны негізгі басқару жүйесі ретінде заңдастыру қажет деген консенсус пайда болып, бұл пәтуа – мұрагерлік монархия, фашизм, коммунизм секілді өзге де бәсекелес идеялар жеңіліске ұшыраған соң, одан әрі күшейе түсті. Осы кезде мен де либералды демократия – «адам баласының идеологиялық эволюциясының соңғы бөлімі» болып, «адамзат қоғамындағы басқарудың соңғы үлгісін» көрсетіп, «тарихтың ақыры» болады деуден танбадым. Бұл бұған дейінгі басқару түрлері – өздерінің қирауына себеп болған кемшіліктері мен қолайсыздығымен белгілі болса, либералды демократия мұндай күрделі ішкі қайшылықтардан ада дегенді білдіреді. Бірақ жоғарыдағы пайымдау – АҚШ, Франция немесе Швейцария секілді демократиялық жүйесі тұрақты елдерде әділетсіздік немесе маңызды әлеуметтік мәселелер жоқ дегенді білдірмейді. Ал мұндай проблемалар – бостандық пен теңдік деген секілді егіз принциптердің жеткіліксіз жүзеге асқандығынан туындайды.

Менің бұл пікірім әлемнің көптеген елдерінде сынға ұшырады. Сыншылардың көпшілігін менің «тарих» деген ұғымға берген түсініктемем әбігерге салды. Тарихты әдеттегідей оқиғалардың тізбегі деп түсінген олар – Берлин қабырғасының құлауын, Қытай коммунистерінің Тяньаньмынь алаңындағы толқуды басуын, Ирактың Кувейтке басып кіруін – «тарихтың жалғасып жатқандығының» дәйегі ретінде ұсынып, менің «қателескенімді» дәлелдеуге тырысады.

Бірақ менің ойымша, аяқталуға жақындаған – маңызды, әрі ұлы оқиғалардың тізбегі емес, бас әріппен жазылатын Тарих. Былай айтқанда, бірдей, логикалық бірізді эволюциялық процесс деп түсіндірілетін, барлық дәуірлер мен халықтардағы тәжірибені есепке ала отырып қарастыратын тарих. Тарихтың мұндай түсінігі көбіне-көп неміс философы Гегельмен байланысты. Оны Карл Маркс Тарих туралы тұжырымдамасында Гегельдің түсінігіне сәйкес, интелектуалды атмосфераның үйреншікті элементі қылды. Бұл екі ойшыл үшін де алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, теократия, монархия, феодалдық аристократияға, соңғы технологияларға негізделген қазіргі либералды демократия мен капитализмге дейін адамзат қоғамының логикалық жүйеленген даму процесі қолданылды.

Гегель де, Маркс та адамзат қоғамының дамуы шексіз емес, ол – адам баласы өзінің терең әрі үлкен армандарын қанағаттандыратын қоғамдық құрылыс түріне қол жеткізген кезде тоқтайды дегенге сенді. Мұндай жағдайда, бұл екі ойшыл да «тарихтың ақырын» негіз етіп алды: Гегель үшін бұл – либералды жүйе болса, Маркс үшін – коммунистік қоғам болды. Бұл – туудың, өмір мен өлімнің табиғи циклы тоқтап, маңызды оқиғалар болмайды деген сөз емес. Бұл – барлық басты сұрақтар шешімін табатындықтан, мұнан әрі қоғамдық құрылыстың даму принциптері мен институттарында прогресс болмайды дегенді білдіреді.

Аталмыш кітап соңғы ғаламдық оқиғаларға толы болғанымен, оның тақырыбы бізді өте ертедегі сұраққа қайта оралтады: «Шынында да жиырмасыншы жүзжылдықтың соңында адам баласының көп бөлігін либералды демократияға әкелетін адамзаттың логикалық жүйеленген және бағытталған Тарихы туралы айтудың мәнісі бар ма?» Мен тоқтаған жауап – екі түрлі. Оның біріншісі – экономикаға, екіншісі – «мойындату үшін күрес» деген ұғымға байланысты.

Әрине, Тарихтың бағыттылығын дәлелдеу үшін, тек Гегельдің, Маркстың немесе олардың кез-келген ізбасарларының беделіне сүйену жеткіліксіз. Жарыққа шыққаннан кейінгі бір жарым ғасыр ішінде олардың еңбектері жан-жақтан толассыз шабуылға ұшырады. ХХ ғасырдың әлдеқайда терең ойшылдары – «тарих дегеніміз – логикалық жүйеленген және танып білуге болатын процесс» деген пікірге қарсы шықты. Шамасы мұндай данышпандар – адам өмірінің қандай да бір көрінісін философиялық тұрғыдан танып-білу мүмкіндігін жоққа шығарған. Біз, Батыстың тұрғындары – демократиялық институттардың жалпы даму мүмкіндіктеріне қатысты бойымызда терең күйректік қалыптастырып алғанбыз. Бұл торығу – үлкен саяси оқиғалардың, яғни ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы екі дүниежүзілік соғыс пен тоталитарлық идеологияның шарықтауы және ғылымның адам баласына ядролық қару кейіпінде қарсы жұмсалып, қоршаған ортаны бүлдіруге бағытталуы салдарынан (кездейсоқ емес) туындаған. Өткен ғасырдағы гитлеризм мен сталинизмнен бастап, Пол Поттың зорлығына дейінгі саяси зорлық-зомбылық құрбандарының өмірлік тәжірибесі – дүниеде тарихи прогресс бар деген жорамалмен сәйкеспейді. Сол себепті болашақтан денсаулық, қауіпсіздік немесе либералды демократиялық саяси тәжірибеге қатысты жайсыз жаңалықтар естуге дағдыланып алғанымыз сонша, жақсы жаңалықтар болғанда, оларды айыру қиынға түсуде.

Бірақ, қалай десек те, жақсы жаңалықтар бар. Ғасырдың соңғы ширегіндегі оқиғалардың әлдеқайда жақсы өзгерісі – әлемдегі ең күшті көрінетін әскери-авторитарлық оңшыл, коммунистік-тотаритарлық солшыл диктатуралардың шикілігінің әшкереленгені болды. Латын Америкасынан – Шығыс Еуропаға дейінгі, Кеңес Одағынан – Таяу Шығыс пен Азияға дейінгі күшті үкіметтер соңғы жиырма жылда күйреді. Олар үнемі тұрақты либералды демократияға жол беріп отырмаса да, бұл жүйе – жалғыз логикалық жүйеленген саяси талпыныс болып қалып, бүкіл әлемдегі түрлі аймақтар мен мәдениеттерге иелік етті. Мұнан өзге өндірістік дамыған елдерді, сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда кедей Үшінші әлемге енген елдердің материалдық игіліктерін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізген экономиканың либералды принциптері («еркін нарық») таралды. Экономикалық ұғымдағы либералды революция – кей кездері саяси бостандыққа бағытталған дүние жүзілік қозғалысты басып озса, кей кездері құйрық тістесіп отырды.

Дамудың бұл бағыттарының барлығы да «Олардың түбірінде бір-бірін мықтап байланыстырып тұрған желі бар ма, жоқ әлде олар тек оқиғалардың сәтті дамуының кездейсоқ мысалы ма?» – деген сұрақты қайта қарауға мәжбүрлейді. «Бұл дүниеде адамзаттың Әмбебап Тарихы бар ма?» – деген мәселені көтере отырып, ХІХ ғасырдың басында басталып, біздің уақытымызда оқиғалардың көптігінен басылып қалған пікірталасты қайта қалпына келтіремін. Менің ұсынған ойларым – бұрын бұл мәселелермен айналысқан Гегель мен Кант секілді философтар тарапынан тұжырымдалса да, келтіретін уәждерімнің өзіндік құны болатын шығар деп үміттенемін.

Бұл жерде мұндай Әмбебап Тарихтың бір емес, екі бөлек сұлбасын беруге тырыстым. Бірінші бөлігінде – бізге не үшін Әмбебап Тарихтың мүмкіндіктеріне оралу қажет дегенді анықтадым. Ал, екінші бөлігінде – қазіргі заман ғылымынан Тарихтың бағыттылығы мен логикалық жүйелілігін түсіндіретін тетік пен реттегіш іздеп, дұрыс жауабын беруге ұмтылдым.

Осы заманғы ғылымның дамуы – барлық қоғамға бірдей әсер етті. Оның екі себебі бар. Біріншіден, техника – оған иелік етіп отырған елдерге белгілі бір дәрежеде әскери артықшылықтар береді. Ал, халықаралық қатынастарда кез-келген уақытта болуы мүмкін соғысты ескерген, өзінің тәуелсіздігін бағалайтын әрбір мемлекет қорғанысын жетілдіру қажеттігін ескермеуі мүмкін емес. Екіншіден, қазіргі заман ғылымы – экономикалық өнімділіктің өсіміне бірдей кеңістік жасап береді. Техника – шексіз байлық жиюға, адамның үнемі, тоқтаусыз өсіп отыратын қалауларын қанағаттандыруға жол ашады.

Бірақ, адам баласы ақылсыз жануар болмағандықтан, тарихтың мұндай экономикалық түсіндірмесі - толық емес және қанағаттанарлықсыз. Ішінара бұл түсіндірме «Неге біз егемендік принципі мен заң шеңберіндегі негізгі құқықтық кепілдіктерді жақтайтын демократтармыз?» - дегенді түсіндіріп бере алмайды. Сол себепті біз тарихи процесстің адам баласының тек экономикалық қалауы ғана қарастырылатын емес, түгелдей болмыс-бітімі қарастырылатын көзқарасына үңілеміз. Сондықтан, Гегельге және оның «мойындату үшін күреске» негізделген Тарихқа материалистік емес тұрғыдан қарайтын көзқарасына қайта ораламыз.

Гегельдің пікірінше, адамдар жануарлар секілді тамақ, сусын, тұрақ тәрізді өзін-өзі сақтауға бағытталған табиғи қажеттіліктер мен қалауларға ие. Бірақ адамның жануарлардан негізгі айырмашылығы – өзгерлер тарапынан «мойындалуды» қалайтындығында. Дәлірек айтсақ, ол өзін белгілі бір қадір-қасиеті бар тіршілік иесі, яғни адам ретінде мойындағанды қалайды. Бұл қадір-қасиет бәрінен бұрын, оның атақ-абырой үшін өмірін қауіп-қатерге тігуге әзір тұрғандығына қатысты. Өйткені тек адам ғана өзінің ең терең хайуани инстинктерін, олардың ішіндегі өзін-өзі сақтау деген ең бастысын – биік, абстрактылы мақсаттар мен мұраттар үшін құрбан ете алады. Осы пікірге қарасақ, ерте кездегі екі жауынгердің төбелесіне әу бастан өзін өзгеге мойындатуға деген құштарлық, яғни өзгелер бұларды өз бастарын өлімге тігіп күресіп жатқаны үшін, адам ретінде «мойындаса» деген тілек себеп болады. Ал өлемін-ау деген табиғи қорқыныш – шайқасып жатқандардың біреуін бағынуға мәжбүр етсе, бұл жағдайда қожайын мен құлдың қатынасы туындайды. Бұл қанды шайқастың бәйгесі – тамақ, тұрақ немесе қауіпсіздік емес, атақ-абырой. Айқастың мақсаты биологиялық тұрғыдан баға берілмей, Гегельдің де бұл жерден адамзат бостандығының алғашқы нышандарын көретіні сондықтан.

Танылуға деген құмарлық әуелгіде бейтаныс ұғым көрінгенімен, ол батыс саяси философиясының дәстүрі секілді көне, әрі адамзат тұлғасының белгілі жағы болып табылады. Ең алғаш ол Платонның «Республикасында» көрініс тапты. Сол еңбегінде ұлы ойшыл жанның үш бөлігі бар деп көрсетті. Олар: қалау бөлігі, пайым бөлігі және «тимос», яғни рух деп аталған бөлік. Адамның тәртібінің көп бөлігі алғашқы екі – қалау мен пайым бөлігінің іс-әрекетіне байланысты болуы мүмкін: қалау адамдарды өзінен тыс құбылыстарды іздеуге итермелесе, пайым оны жүзеге асырудың тиімді әдістерін үйретеді. Бірақ мұнан өзге, адамдар өзінің қадір-қасиетін мойындайтын жандарды да іздейді. Өзін қандай да бір құндылық ретінде санап, сол құндылықтың мойындалуын талап етуге бейімділікті біз «өзін-өзі бағалау» деп атасақ болады. Мұны сезінуге деген бейімділік – жанның рух деп аталатын бөлігінен шығады. Бұл қасиет – адамзаттың туа біткен әділеттілік сезіміне ұқсайды. Адамдар өздері туралы белгілі бір құндылықтарға иелік етемін деп ойлайды. Бірақ олармен өзге біреулер бұл құндылық өзі ойлағаннан әлдеқайда аз деңгейде санап араласса, бұлар ашу деп аталатын эмоцияны сезінеді. Керісінше, адам өзінің құндылығы жөніндегі өз түсінігінің үдесінен шыға алмаса, ұятты басынан өткереді. Ал, адамды өзі ойлаған деңгейде бағалаған болса, оның бойын мақтаныш кернейді. Үстемдікке деген ықылас пен оған жалғас ашу, ұят және мақтан секілді эмоциялар – саяси өмір үшін маңызды сипаттамалар. Гегельдің ойынша, тарихи процессті дәл осылар жылжытады.

Ұлы данышпанның айтуынша, адам баласының өзінің қадір қасиетін өзгелерге мойындатуға деген тілегі – тарих тегершігі бері айналғаннан бері оны атақ үшін түрлі қантөгістерге кез қылып отырды. Нәтижесінде, адамзат қоғамы - өз өмірін қауіп-қатерге тігуге пейілді билік етуші тап пен, өлімнің табиғи қорқынышына бағынған құлдар табы болып, екіге жарылды. Бірақ барлық қоғамда теңсіздікке негізделіп, түрлі формаға енген билік пен құлдықтың ара қатынасы – билік етушілердің де, бағынушылардың да өзін өзгелерге мойындатуға деген құштарлығын еш қанағаттандыра алмады. Әлбетте, құл барлық жағдайда да адам ретінде мойындалған жоқ. Бірақ құл иеленуші пайдаланған үстемдік те соншалық жарымжан болды. Өйткені, оны өзге қожайындар емес, адам санатына толық кірмейтін құлдар мойындады. Аристократиялық қоғамға тән мұндай «жарты үстемдікке» қанағаттанбау – осыдан кейінгі кезеңдерге өтетін қозғаушы күш «қарама-қайшылықтарды» туғызды.

Гегель билік ету мен бағынудың қарым-қатынасынан айырып алғысыз бұл қайшылық – Француз революциясы мен Американ революциясы (деп қосу керек еді) нәтижесінде еңсерілді деп санады. Бұл демократиялық революциялар қожайын мен құлы арасындағы айырмашылықты жойып, қожайындарды өз-өздеріне құл қылып, халық егемендігі мен заң үстемдігін орнатты. Әрбір азаматтың адами қадір-қасиеті өзге барлық азаматтар арасында мойындалып, бұл абырой мемлекет тарапынан құқықтар ұсыну жолымен заңды деп танылды.

Қазіргі заманғы либералды демократияның мағынасы туралы Гегельдің баян еткені – Ұлыбритания және Құрама Штаттар іспеттес елдердегі либерализмнің теориялық қоры болған англо-саксондық түсіндірмеден анағұрлым бөлек. Сол кездері Гоббс, Локк және Джефферсон мен Мэдисон сияқты американың негізін қалаушылар құқық - жеткілікті дәрежеде адамның жеке өмірінің кепілі бола алады деп санады. Ал Гегель болса, адамды материалдық құндылықтар емес, дәреженің мойындалуы қанағаттандыратын болғандықтан, құқықтан өзін-өзі қамтамасыз ететіндей әлденелерді көрді. Американ және Француз революцияларынан кейін ол – саяси процесті қоректендіріп отырған қоғамда үстемдік үшін жүргізіліп отырған күрес қанағаттандырылғандықтан, тарих аяқталуға жақындады, мұнан кейін ешқандай тарихи өзгерістер болмайды деп сендірді. Индустрияландырумен қатар жүретін қоғамдық өзгерістер, әмбебап білім – кедей және шала сауатты адамдарда кемшін болатындықтан, оларды кейбір танылуға деген қажеттіліктен азат етеді. Өмір сүру қалпының өсу өлшемі бойынша, тұрғындар білімді, әрі космополит болып, қоғамның жағдайы барынша жақсарған сайын, халық тек көп байлық қана емес, мойындауды да талап ете бастайды. Егер адамдарда қалау мен пайымнан өзге ештене болмаған болса, оларды франксистік Испания, Оңтүстік Корея немес әскерилер билеп отырған Бразилия сықылды нарыққа бейімделген автократиялы елдерде өмір сүру қызықтырған болар еді. Бірақ, рух оларды өзін-өзі бағалауға мәжбүр етеді. Соның арқасында, ол жұртты – олардың жеке тұлға ретіндегі дербестігін танитын демократиялық үкімет талап етуге мәжбүрлейді. «Үстемдік үшін күрес – тарихтың қозғаушы күші ретінде маңызды,» - деп түсіну бізге өзге аспектілер бойынша таныс мәдениет, дін, жұмыс, ұлтшылдық және соғыс тәрізді көптеген құбылыстарға жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Мысалы, діншіл адам табынуды өзінің құдайы мен қасиетті рәсімдерінен іздесе, ұлтшыл мойындауды оның нақты тілдік, мәдени немесе этникалық топтарынан талап етеді. Танудың бұл екі түрі де аса тиімді емес. Сол себепті дін, ұлтшылдық және этикалық дағдылар мен ғұрыптардың жиынтығы (жалпы атауы – «мәдениет») - әдетте, еркін экономикалық нарық пен демократияның саяси институттарын құру жолындағы кедергілер болып саналады.

Алайда либералды саясат пен экономиканың жиі болатын жетістіктері – ол жеңіп шығуға тиісті үстемдіктің тиімсіз формасына құрылатындықтан, бұл мәселе қиынға соғады. Демократия әсерлі болу үшін, адамдарда өзінің аталмыш институттарына деген сүйіспеншілігі болып, Алексис де Токвиль «бірігудің өнері» атаған нәрсе дамуы керек. Ал «бірігудің өнері» - шағын қауымдарға сенуді тірек етеді. Бұл қауымдардың түбінде – либералды мемлекет негізделген жан-жақты мойындаудан қатты ерекшеленетін танудың дін, этникалық құндылықтар тәрізді өзгеше формалары жатыр. Бұл либералды экономикаға да сәйкес келеді. Мұндай батыстық дәстүрде еңбек – адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру немесе қиындықтарын жеңілдету үшін ғана қолданылатын, түптеп келгенде жағымсыз іс ретінде түсіндіріледі. Бірақ, еуропалық капитализмді жасаған протестанттық кәсіпкерлер, Мэйдзидің қайта қалпына келтіруінен кейін, Жапонияны жетілдірген зиялылар секілді кейбір еңбек этикасы күшті мәдениеттерде жұмыс – мойындалу үшін жасалады. Қазіргі кезге дейін Азияның кейбір елдерінде материалдық мүдделерге қарағанда, үстемдікті көбірек қолдайды. Бұл «либералды экономика тек ымырашыл принциптердің негізінде ғана табысқа жетпейді, бұған қоса рухтың шектен тыс көп болуын талап етеді,» - деген ойға жетелейді.

Үстемдік үшін жүргізілетін күрес бізге халықаралық саясатты шолуға да мүмкіндік береді. Бір кездері жауынгерлерді қанды жекпе-жекке итермелеген мойындатуға деген құштарлық – үлкейіп, империализмге әкеледі. Тұтастай бір ұлт өзін мойындауды өзгелерден талап етіп, үстемдік ету үшін қанды күрес жүргізгенде, бір мемлекеттің ішіндегі қожайын мен құлдың арасындағы қатынас мемлекеттік деңгейде айна-қатесіз қайталанады. Танылудың осы заманғы формасы болған ұлтшылдық – соңғы жүз жылда өзін мойындату жолында жүргізілген күрестердің қозғаушы күші және ең жойқын қақтығыстардың қайнар көзі болды. Бұл сыртқы саясат «реалисті» Генри Киссинджердің айтуынша, «күш шебінен қарағандағы саясат» әлемі.

Ал соғыстарды жүргізудің астарында үстемдік етуге деген құштарлық жатса, онда құлдар мен қожайындар арасындағы қатынасты бұзып, құлдарды өздеріне қожа қылған либералды революция – мемлекеттер арасындағы қатынастарға да солай әсер етеді деп сенген дұрыс болар еді. Демократияның бұл түрі өзгелерден артық болуды қалайтын орынсыз тілекті - өзгелермен тең дәрежеде болсам деген тиімді тілекпен алмастырады. Мұндай жағдайда либералды демократияға құрылған әлем – барлық мемлекеттер бір-бірінің заңдылығын бір ауыздан танығандықтан, жиі соғысқа килігуден аулақ болады. Мұны соңғы жүзжылдықтардағы тәжірибеден байқауға болады. Осы уақыт ішінде либералды демократия – демократиялық емес елдермен соғыс жүргізуге толық қабілетті болса да, олармен арадағы қатынаста империалистік саясат ұстанбады. Шығыс Еуропа, Кеңес Одағы секілді ұзақ уақыт бойы құрамындағы халықтардың ұлттық ерекшеліктері ескерілмеген аймақтарда қазір ұлтшылдық өркендеу үстінде. Сонымен қатар ұлтшылдық - ең көне және тұрақты ұлттық мемлекеттерде өзгеріске ұшырауда.

Қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған тарихтың ақыры туралы әңгіменің арқауы «Қазіргі әлемде либералды демократияның өзі секілді өміршең баламасы бар ма?» деген сұрақ болып табылады. Көптеген «Шынында да коммунизм келмеске кетті ме?», «Діни фанатизмнің немесе әсіреұлтшылдықтың қайта оралуы мүмкін бе?» - деген секілді сауалдар төңірегінде біршама тартыстар бар. Бірақ, маңызды сауал – «Либералды демократия қазіргі барлық бәсекелестеріне қарсы тұра ала ма?» - деген емес, «Оның беріктігі қаншалықты?» деген сұрақ. Біз дәл қазіргі сәтте демократияның бұл түріне сыртқы жаулардан қауіп жоқ деп қабылдап демократиялық қоғамдар осылайша берік күйінде қала береді деп болжай аламыз ба? Немесе ол өзінің ішкі қайшылықтарының құрбаны болып, саяси жүйе ретінде өмір сүруден қалып, құрдымға кете ме? Қазіргі демократия – нашақорлық, баспанасыздық пен қылмыскерліктен бастап, экологиялық апаттарға дейінгі проблемалардың шоғырына жолығатыны шүбәсіз. Алайда, бұл проблемалар – шешімін таппайтын немесе сексенінші жылдардың аяғында коммунизм ұшыраған күйреуге әкеліп соқтыратындай аса қауіпті болып саналмайды. Гегельдің ХХ ғасырдағы тәпсіршісі Александр Кожев «Әмбебап және біртекті мемлекет» (либералды демократияны айтып отыр) қожайын мен құлдың арасындағы қатынасты – көп қырлы және бірдей мойындауға ауыстыру арқылы, бұл турасындағы мәселені белгілі бір дәрежеде шешкендіктен тарих аяқталды,» - деп нық сеніммен жазды. – «Адамның бүкіл тарих барысында іздегені, жалпы тарихқа қадам бастырып келген – мойындау болатын. Қазіргі уақытта адам оны тапты және «толық қанағаттанды». Бұл мәлімдемені Кожев жайдан-жай жасаған жоқ және біз оны салмақты қабылдауға тиіспіз. Өйткені адамзат тарихындағы мыңдаған жылдардағы саясаттың бастыміндеті – мойындау проблемасын шешуге тырысу болды деп санауға болады. Мойындау – саясаттың орталық мәселесі. Өйткені, мойындатуға деген құштарлық – зорлық-зомбылықтың, империализмнің және үстемік құруға ұмтылудың негізі болып есептеледі. Билік етуге деген құмарлықты – ерлік, азаматтық рух және әділдік іспетті саяси ізгіліктердің психологиялық іргетасы болғандықтан, мұндай көлеңкелі жағына қарамастан, саяси өмірден ысырып тастауға болмайды. Кез-келген саяси топ өзін одан келетін зиянды зардаптардан сақтай отырып, үстемдікке деген құштарлықты пайдаланбауы мүмкін емес. Осы заманғы конституциялық үкіметте бәрі мойындалатын, барлық зорлық-зомбылықтың жолы кесілген формула табылды. Енді мұндай жүйе жер жүзіндегі өзге саяси жүйелердің ішінде өміршең болып, тұрақтылығымен ерекшеленуі керек.

Бірақ осы заманғы либералды демократияның тұрғындарын үстемдік толық қанағаттандыра ала ма? Бұлардың болашағы бәрінен бұрын осы сұрақтың жауабына байланысты. Ал бұл тұста жауап берушілер де екіге жарылады. Олардың бір тобы – капитализм экономикалық теңсіздік тудырып, еңбек бөлінісін талап еткендіктен, ымырашыл демократиядағы жан-жақты үстемдік те толық жүзеге аспайды. Яғни қоғамда отандастары адам қатарына қоспайтын кедейлер де әрдайым болатындықтан, бұл жағдайда ұлттың абсолютті өркендеуі де мәселені шеше алмайды. Басқаша айтқанда, либералды демократия тең адамдарды әркелкі қалыпта тануды жалғастыра береді.

Екінші топтағылардың көрнекті өкілі – философ Фридрих Ницше болды. Ол «Осы заманғы демократия дегеніміз – бұрынғы құлдарды босату емес, құл мен құлдық сананың сөзсіз жеңіске жетуі,» – деді. Либералды демократияның типтік мүшесі өзінің тамаша қадір-қасиетіне деген абыройлы сенімін - өзін-өзі сақтаудың жақсы үлгісіне айырбастаған «соңғы адам» болып табылады. Бұл жүйе – рухсыз, тек қалаулар мен пайымнан ғана тұратын «кеудесіз адамдарды» дүниеге әкеледі. «Соңғы адамда» өзгелерден гөрі ұлы болып танылсам деген ынта болмайды. Ал мұндай ықылассыз – жетістіктерге жету мүмкін емес. Ақырында басындағы бақытына тоқмейілсіген, арзу-тілегі мен қалауларынан сәл жоғары көтеріліп, кеңірек ойлай алмайтын кембағалдығы үшін аз да болса намыстанбайтын мұндай соңғы адам – адам болудан қалады...

Ықшамдап аударған:

Нұраддин САДЫҚ

 

Сұхбат

PhotoRoom