«Мәдени революцияның» қоғамдық процесстерге ықпалы

Рейтинг
23.07.2014, 14:32

 

Кейінгі кездері біздің қоғамда жаһандану үрдісін жүзеге асыратын бірден-бір құрал – бұқаралық мәдениет немесе мәдени революция туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп жүрген ұлттық құндылықтар, ұлттық идеология тақырыбындағы мақалалардың да бұл ұғымдарға соқпай кететіні кемде-кем. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушы ғалымдардың да көпшілігі өз сөздерін осы терминдермен тұздықтағанды тәуір көреді. Алайда, солардың қай-қайсысы болсын, осы «қос құлағы тік шыққан жіктің» қай жерден және қашан шыққанына, неден бастау алғанына тоқтала бермейді. Сондықтан біз бұл ұғымға кеңінен тоқталып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Алғашқы қадамдар

Америкалық демократияның тұнығын шайқаған, біз сөз еткелі отырған «мәдени революция» 1914 жылдың тамыз айынан басталады. Осы 1914 жылдың 4-тамызында неміс рейхстагындағы социал-демократтар үкіметке әскери несие бөліп, Бельгияға әскер кіргізуге бірі қалмай дауыс берген еді. Сөйтіп, көптен күткен панеуропалық соғыстың басталғанына сол кездегі марксшылдар бөріктерін аспанға ата қуанды. Өйткені соғыс – марксшылдар үшін бүкіл еуропаның пролетарларын біріктіріп, буржуазиямен күреске шығаратын бірден-бір құрал еді. Бірақ, бәрі керісінше болды. Еуропаның ірі социалистік партиясы бір сәтте соғыс партиясына айналып, пролетарлар буржуазиямен күреске емес, қару алып оны қорғауға шықты. Ал марксшылдар ойлағандары жүзеге аспай, күлкіге ұшырады.

Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейінгі коммунистік бүліктер – Будапештте, Мюнхенде және Берлинде орын алды. Неміс ардагерлері еш қиындықсыз Бавар республикасын, «Спартак» көтерілісін бастаған Роза Люксембургты және Карл Либкнехті жеңді. Будапештте Бел Кунның жүйесі бірнеше айға дейін билік құрды. Бірақ пролетариат өздері бастаған революцияны қолдауға асықпайтын болып шықты. Троцкий болса, орыс революциясын әлемге Қызыл Армияның найзасының ұшымен таратуға бел байлады. Ол сөйтіп Польшаға кіргенмен, оның шабуылы Висла тұсында маршал Пилсудский бастаған поляк патриоттарының күшімен тойтарылды. Марксшылдардың барлық болжамдары шындыққа жанаспай, олардың уақыты келді де, кетті. Батыс жұмысшылары өздеріне революционерлер «жазып берген рөлде ойнаудан» бас тартты. Сонда Маркс қай жерден қателесті?

Карл Маркстың кейінгі ізбасарлары оның қателігін көрсететін мынадай теорияны ұсынды. «Маркс: «Капитализм пролетариатты қайыршылыққа ұшыратады,» - деп қателесті. Бұл дұрыс емес. Қайта керісінше, жұмысшы тап уақыт өткен сайын дәулетті болып келеді. Ал олар революцияға – жан дүниелері екі мың жыл бойы өзінің таптық мүддесін батыстық пролетариаттан қорғап, бүркейтін христиандық уағызға уланғандықтан араласқан жоқ. Батыс адамының бойында христиандық пен капиталистік ағзаның иммундық жүйесі саналатын батыс мәдениеті өмір сүріп тұрғанда, Батыста марксизм теориясы өмір сүре алмайды. Ол үшін батыстық мәдениет пен христиандықты түбірімен жою керек. Бейнелей атсақ, Маркстың сөздері – христиандық тастақ жерге тасталып, өспей қалған дән іспетті. Оны өсіру үшін жерді қопсытып, күтім жасау қажет». Бұл пікірді – Маркстың ізбасарларының бірі, Коминтерннің агенті, «Капиталмен» қатар аталатын «Тарих және таптық сана» кітабының авторы, венгр Дьердь Лукач айтқан болатын. Ол қоғамды революциялық жолмен құртудың өзгеше тәсілін ұсынды. Сөйтіп, «Адамзаттың әлемдік құндылықтарын өзгерту – өткен өміріңнің құндылықтарын құртып, оның орнына жаңа революциялық құндылықтар жасауға мүмкіндік береді. Сол арқылы қоғамға толық өзгеріс жасауға әбден болады,» – деген-ді. Бел Кунның үкіметінде мәдениет жөніндегі халық комиссарының орынбасары болып тұрғанда Лукач өзінің «сайтани» ұстанымын іс жүзінде қолданып, нәтижесінде оның бұл әрекеті «мәдени терроризм» деген атқа ие болды. Бұл «терроризм» ішінара мектеп бағдарламасындағы «Жыныстық тәрбие беру курсына» енгізілді. Онда балаларды еркін махаббат пен шектеусіз төсек ләззатына үндеп, оларға бір некелі отбасы институтының уақыты өткендігі жайлы, адамдарды барлық сезімдік ләззаттардан тиятын діннің «заңсыздықтары» туралы өз ойларын таңды. Ең сорақысы – балалар мен қыздарды, бозбалалар мен бойжеткендерді бұған дейінгі төсек ләззаты турасындағы қалыпты түсінікке бой ұсынбауға шақырды.

Дьердь Лукачтың әйелдер мен балалар арасында азғындықты насихаттайтын ұсынысы – батыс және христиан мәдениетінің негізі саналатын дәстүрлі отбасын біржолата құртып, жоюға бағытталды. Өзі Венгриядан қашып кеткеннен кейін, елу жыл өткенде оның идеялары сексуалдық революция дәуірінің мүшелері арасында зор құлшыныспен таралды.

Жоғарыда аталған Маркс ізбасарларының екіншісі – соңғы кездері марксшылдардың ірі өкілдерінің қатарында аталып жүрген итальяндық коммунист Антонио Грамши болатын. Муссолинидің Римге жасаған жорығынан Ресейге қашып келген ол – Лениндік ұраншылдардың «пайдалы нақұрыстары» мен «ақымақ солшылдарына» қарағанда, қиялға берілмей, «большевиктік жұмақтың» жер бетінде ешқашан орнамайтынын түсінді. Өйткені, большевиктердің режимі – азаматтарды тек террор арқылы ғана бағындыра алатын еді. Грамши осы жерде саналы шешімге келді: демек, ленинизмнің жеңіске жетуі мүмкін емес. Себебі, орыс халқы жаңа билікті қабылдамақ түгілі, оны жан-дүниесімен жек көрді. Жер, сенім, отбасы, иконалар және «Ресей-ана» туралы түсініктің өзі – орыстар үшін «халықаралық еңбекшілердің ынтымақтастығына» қарағанда әлдеқайда маңыздырақ көрінді. Жаңа билік өзін-өзін алдады. Өйткені орыстар революциядан кейін түк те өзгермеген еді. Олар егер бұл идеяға бағынбаса, итжеккенге айдалып, Лубянканың жеркепесінде атылатынын білді. Яғни Ресейде біржолата орнығуға бет алған жаңа социалистік қоғамды түсінбей оның болашағына күманмен қараған адамдардың бәрі Сібірдің түрмелеріне тоқтаусыз тоғытыла берді. Ал көзі ашық жаңа қоғам үшін аса «қауіптілерін» тергеп, тексеріп жатпай ақ сол заматта атып атстай салатын. Тіпті халық большевиктерге қарағанда, тақтан түсіп, күні біткен патшаға көбірек іш тартатын.

Грамши орыс халқына коммунистік мұраттарды ұғынуға христиандық таным-түсінік «кедергі болып» отырғанын түсінді. «Өркениетті әлем шамамен екі мың жылдай христиандықтың езгісінде болды, – деп жазды ол. – Сондықтан, иудо-христиандық сенімге негізделген бұл жүйені – аталмыш нанымды жоймай құлата алмайсың. Демек, марксшылдар Батысты бағындырғысы келсе, әуелі оның қалқаны болып тұрған христиандықты жойып, христиансыздандыруы керек».

Тәуелсіз ойшылдарды жақтырмайтын Ресейдің билеушісі Сталиннен қашып, Грамши – итальяндық компартияны басқару мақсатымен Италияға қайта оралды. Бірақ Муссолинидің басқа да жоспарлары болатын. Ол Грамшиді тұтқындап, оны түрмеде 1937 жылға дейін ұстады. Соның салдарынан Грамши түрмеден шыққаннан кейін, 46 жасында құрт ауруынан қайтыс болды. Оның «Түрме жазбалары» еңбегінде Батыстағы марксистік революцияның сәтті жүзеге асқан жоспарлары кездеседі. Осыдан кейін АҚШ-тағы мәдени революция Грамшидің «рецептісі» бойынша жасалды ма екен деген ой келеді.

«Билікті күшпен жаулап алып, мәдени революцияны жоғарыдан орнатқаннан гөрі, біз бәрінен бұрын мәдениетті өзгертуіміз керек. Сонда барып билік піскен жеміс секілді қолға өзі-ақ келіп түседі, – деді Грамши. – Алайда, мәдени құндылықтарды өзгерту – газет, журнал, радио, кинематография секілді БАҚ пен театр, мектеп, семинарияларды бағындыру жолында табанды күрес жүргізуді талап етеді. Оларды бірте-бірте жаулап алып, ақырындап революцияның құралдарына айналдыру – кезек күттірмейтін іс. Сонда барып, қоғам революциялық мұраттарды түсініп қана қоймай, оған мойынсұнады»...

Грамши бұған қоса, әріптес марксшылдарға христиандық пен буржуазиялық мәдениетті жоққа шығаратын, жастардың санасына ықпал ете алатын Батыстық зияткерлермен бірігуді ұсынды. Ол осылайша Батыстағы революцияның нәтижесі туралы әулиелікпен пайымдапты. Лениндік жүйе жетпіс жылдай әлемді үрей құрсауында ұстағанмен, уақыты келгенде ол да құлап, құрдымға кетті. Ал жаңа марксшылдар жасаған мәдени революция жеңіске жетті. Бұлардың бұл жеңісіне жүйелі түрде жүргізген жұмыстары мен өзіндік әдіс-тәсілдерінің әсері күшті болды... Дегенмен, о баста бәрі қалай басталып еді, өзі? Енді соған тоқталсақ...

Франкфурт мектебі

1923 жылы жоғарыда аталған Дьердь Лукач пен неміс компартиясының бірнеше мүшесі Франкфурт университетінде кейіннен тарихта «Франкфурт мектебі» деп аталып кеткен марксизм институтын құрды. 1930 жылы институт басшылығына бұрынғы марксшыл Макс Хоркхаймер келді. Ол да осы кезде Дьердь Лукач пен Антонио Грамши секілді Карл Маркстың теориясы қате деген пікірге тоқталған болатын. Сөйтіп, Франкфурт мектебі Хоркхаймердің басшылығымен маркстік теорияны мәдени терминдерге аудара бастады. Бұрынғы марксшылдардың жауы – капитализм болса, жаңа марксшылдардың, яғни бұлардың басты жауы – батыс мәдениеті болды.

Шамамен сол кездері бұлардың қатарына музыка сыншысы – Теодор Адорно, психолог – Эрих Фромм, әлеуметтанушы – Вильгельм Райх және кейін осы мектептің жетекшілерінің бірі болған Герберт Маркузе қосылды. Алайда, 1933 жылы Берлинде билік басына еврейлер мен марксистерді ұнатпайтын Адольф Гитлердің келуіне байланысты, «франкфурттықтарға» АҚШ-қа қашуға тура келді. Колумбия университетінің жәрдемімен Нью-Йоркке орналасқан олар – өз күштері мен таланттарын осы елдің мәдениетін терістеп, бүлдіруге жұмсай бастады. Сол франкфурттықтар ойлап тапқан жаңа қарудың бірі – сыни теория деп аталды. Теорияның атауы салмақты көрінгенмен, оның түбінде батыс өркениетінің ұстанымдарымен еш сәйкеспейтін әрекет жатты. Аталмыш теорияның қағидалары – оны батыс мәдениетінің барлық элементін (христиандықты, капитализмді, отбасы беделін, патриархатты, иерархиялық құрылымды, салт-дәстүрді, сексуалдық шектеулерді, наным-сенімді, патриотизмді, ұлтшылдықты, этноцентризмді, конформизмді және консерватизмді) сынайтын теория ретінде белгілі қылды.

Мысалы, марксшылдар сол сыни теорияға сүйене отырып, Батысты тарихтағы барлық өркениеттер мен мәдениеттерге жүргізген геноциді үшін айыптаудан танбай келеді. Сыни теория бойынша, батыс қоғамы – нәсілшілдіктің, фашизмнің, ксенофобияның, гомофобияның ордасы екен.

Эрих Фромның «Бостандықтан қашу» және Вильгельм Райхтың «Бұқараның психологиясы және фашизм», «Сексуалдық революция» кітаптары осы сыни теорияның негізгі жемістері еді. Дегенмен, Франкфурт мектебінің ең атақты кітабы – Теодор Адорноның «Авторитарлы тұлға» еңбегі болды. Бұл өз кезегінде Карл Маркстың экономикалық детерминизмін жоққа шығарған, мәдени детерминизмге негізделген франкфурттықтардың қасиетті кітабы болды. Оның басты идеясы: «Егер христиандық немесе әсіре капиталистік отбасында тек қана қатал патриот, дәстүрлі дінді ұстанатын әке билік етсе, ондағы балалар нәсілшіл, фашист болып өседі деп, нық сеніммен айтуға болады,» – дегенге саяды.

Хоркхаймердің тағы бір жетістігі – мәдени гегемонияға апаратын жол философиялық пікірталаста емес, психологиялық қайта тәрбиелеуде жатыр деген тезисі болды. Ол тезис – америкалық балаларға мектепте ата-анасын – нәсілшіл, шовинист, гомофоб қылып көрсетіп, оларға жаңа өнеге керектігін түсіндірді. Франкфурт мектебінің осындай идеялары 1940-1950 жылдардағы педагогикалық колледждерде кеңінен таралды.

1950 жылдары Франкфурт мектебінде Хоркхаймер мен Адорноның идеяларын тарататын адам, ізбасар жетіспеді. Осы кезде құдай сәтін салып, отставкадағы офицер, философия профессоры, сөздің адамынан революцияның адамы болуға ұмтылып жүрген Герберт Маркузе табыла кетті. Ол Хоркхаймердің «Болашақ мәдени революцияда пролетариаттың рөлін кім ойнайды,» – деген сұрағына жауап берді. Маркузенің ойынша, бұл рөлге – жастардың радикалды топтары, феминистер, қара нәсілділер, гомосексуалистер, маргиналдар, Үшінші әлем елдерінің революционерлері және батыстың басқа да «құрбандықтары» секілді бірнеше кандидаттар бар. Батыс мәдениетін төңкеретін «жаңа пролетариат» осылар болмақ.

Бұған дейін қоғамның негізгі ұстындары ауызекі әңгіме немесе кітаптар арқылы қиратылып келсе, Маркузе – төсек ләззаты мен есірткі одан да күшті қару боларына сенімді болды. «Эрос және өркениет» кітабында ол әйгілі «ләззат қағидасын» ұсынып, «Соғыспен емес, махаббатпен айналыс!»– деген ұран тастады. Бұл ұранды жастар жақсы қабылдап, студенттер кітабын таласа оқып, өзі жұрт табынатын тұлғаға айналды...

Жаңа марксшылдар үшін өздері шовинизм мен әлеуметтік теңсіздіктің инкубаторы әрі диктатураның қарапайым мысалы ретінде санаған отбасы институтын құртудан өткен маңызды мақсат болған жоқ. Марксизм үшін отбасы институты аса бейтаныс та емес еді. Карл Маркстың өзінен бастап, Фридрих Энгельс, Эрих Фромм, Вильгельм Райх, Теодор Адорноға дейінгі осы идеяның негізін салушылар – жанұяда әке билік ететін дәстүрлі патриархалды отбасына кәрін төгіп келген-ді. Сөйтіп, патриархалды отбасын жою, яғни әкені жанұядағы «тағынан түсіру» үшін, франкфурттықтар – жанұя басшысы әйел болып табылатын матриархалды отбасын, сондай-ақ, жанұядағы әйелдер мен еркектердің қызметі ауысып кететін «андрогиндік теорияны» ұсынды. Нәтижесінде, әйелдер қаһарман атанып, алдыңғы қатарға шығарылса, еркектердің беделі төмендетіліп, нәуетек, нәумезге айналдырылды...

Батыстың бүгінгі рухани, демографиялық дағдарысы туралы сөз еткенде, біз Франкфурт мектебін бұл «қылмыстың» басты айыпкері ретінде қарастыруымыз қажет. Лукач, Грамши, Адорно, Маркузе және жалпы Франкфурт мектебі Американың мәдени және интеллектуалдық тарихына зор нұқсан келтіргенін жоққа шығаруға болмайды. Большевиктер сияқты олар шабуылдап Қысқы сарайды алмаса да, өз идеяларын қоғамға террор арқылы күштеп таңбаса да, қарапайым жұртты ақылымен тәнті ететін Маркс секілді ой алыбы да болмаса да, есімдерін америкалықтардың өте аз бөлігі білсе де, қоғамда олардың барлық идеялары қуатталып, салтанат құрды. Ал америкалық элита – франкфурттықтардың кім екенін білмесе де, олардың теорияларын «қос қолдарын көтеріп» қолдады.

Қазіргі қоғамның өкілдері бұл теорияның веймарлық Германияда немесе Муссолинидің Италиясында жасалғандығын және оның астарында әлемдік мәдениет пен өркениетті бүлдіріп, құрту саясаты жатқандығынан бейхабар. Осы жерде еріксіз «Неге 1960-жылдардағы Америка – бай иудо-христиандық мұрасы, тарихы, салт-дәстүрі, наным-сенімі бола тұра, осы «бүліксіз революцияны» қабылдады,» – деген сұрақ туындайды. Бұған қоса, Франкфурттықтар қалай жеңіске жетті және оған қандай факторлар әсер етті дегенге келер болсақ, оның бірнеше факторы бар.

Бірінші фактор – франкфурттықтардың теориясы христиандық пен капиталистік мәдениеттен алшақтап, осы мәдениет пен Американың өткенін құртуға еңбектенген жергілікті маргинал американдықтардың идеяларымен сәйкес келді. Соның себебінен, франкфурттықтардың теориясы – «қағынан жеріген» американдықтардың көмегімен таралды.

Екінші фактор – 1964 жылдары университет қабырғаларында өте көп мөлшердегі соғыс қиыншылығы мен кедейшіліктің дәмін татпаған жастардың легі пайда болып, мұндай жастардың арасында мәдени революцияның дәнін өсіруге қолайлы жағдай туды. Қараусыз, өз-өздеріне сенімді, жұмыссыздықтан еріккен, еңбекке құлықсыз бұл жастар кез-келген бүлікке дайын тұрды. Осы кезде марксшылдар мұндай қызықсыз өмірдің бірнеше емін ұсынды. Олардың ішіндегі ең бастылары – төсек ләззаты, есірткі және мәдени революция болды.

Үшінші фактор – алпысыншы жылдардағы радикалдар мен революционерлердің, теоретиктердің көңіл-күйлері мен ойларын қоғамдық талқыға салып отырған телеарналар болды. Телеарналар революционерлер мен теоретиктерді өзара байланыстырып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол – қоғамдық санаға жаңа идеяларды сіңіріп отырды.

Соңғы, төртінші фактор – сөзсіз Вьетнам болды. Бұл ұрпақ – құрбандық, қантөгіс және өлім әкелетін соғысты қолдамады. Герберт Маркузе – жастарға өз қорқақтықтарын жасырудың, әскерге шақырылудан қашқақтаудың жақсы тәсілін ұсынды. Ол жоғарыда келтірген «Соғыспен емес, махаббатпен айналыс!» деген ұран еді. Нәтижесінде, Америка жастарының санасындағы мемлекеттік модель жойылып, патриоттық, елдік сана келмеске кетті...

Осылайша, о баста А.Грамши айтқандай, марксшылдар үшін ең басты мақсат – «мәдениетті жаулау» болған болса, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына таман либерал-солшылдар тек өнерге ғана емес, театр, әдебиет, музыка, балет, кинематография, білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарын өз қолдарына алды. Сол үстемдік әлі жалғасып келеді...

Ғылымда, технологияда, экономикада, ауыл шаруашылығында, өндірістік өнеркәсіпте, қару-жарақ өнеркәсібі мен қоғамның демократиялануы жөнінен Америка мен Еуропа елдері бізден бірнеше жылға озып кеткен. Ал, ислам әлемі – дәл бұлайша материалдық тұрғыдан дамымаса да, сол Батыс ұмытқан бір нәрсені есте ұстады. Ол – ұрпақ көбейтуге ынталылық, өз өркениетін, мәдениетін, сенімі мен отбасын сақтау. Соның арқасында ислам әлемі (қатарында біз де бармыз) – бүгінгі күнге дейін жетті. Ендігі міндет – осыған дейін жоғалмай келген ұлттық ұстындарымызды сақтап, қорғау. Олай болмаған күнде, «Бұқаға туған күн – бұзауға да туатыны» секілді, біз де Батыс елдерінің кебін киетініміз анық.

Патрик Бьюкененнің «The Death of the West»

кітабының негізінде дайындаған

Нұраддин САДЫҚ

 

Сұхбат

PhotoRoom