Қапал батыр көшесіндегі көпір ашылатын күн жақын

Рейтинг
11.10.2016, 23:20

Оңтүстік шағынауданынан қалаға қатынайтын жүргізушілер мен тұрғындардың қиналған күндері артта қалатын сәт алыс емес. Үлкен шағынауданды қаланың орталығымен қосатын теміржол өткелінің екінші бөлігіндегі құрылыс аяқталуға жақын. Жұмыс бүгінде 97 пайызға аяқталған,-деп жазады otyrar.kz сайты.

Қапал батыр көпірі ашылатын күн жақын

Мердігер «Береке А» корпорациясы өткелде бүгінде жарық бағаналарын орнатып жатыр. Осы жұмыстардан соң көпір пайдалануға берілмек. Ал Тәуке хан даңғылына асфальт төсеу аяқталды. Қазір мұнда жиектас орнатылып жатыр.

Тәуке хан даңғылын тақтайдай тегіс етіп асфальттау үшін құрылысшылар көшені екі күнге жапқан. Асфальт 1 шақырым 700 метрге төселді. Енді жолдың жиегіндегі қашыртқы арықтардың беті қауіпсіздік үшін темір тормен жабылады. Онда Шымкенттің жаңа логотипі бейнеленген.

Мұрат Құтжанов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы: «Бұл темір торлардың екі түрі болады. Жол жиегінің басты бөлігінде көліктің салмағын көтеретін қалыңы қойылады.»

Тағы бір өзгеріс — қаламыздың орталық көшесі болғандықтан, мұнда әр ағашқа сән берілмек. Темірден ою-кескіндемелер салынып, ол түрлі-түсті тастармен безендіріледі. Енді оны күтіп-ұстау ғана қалды.

Тәңірберген Сүлейменов, «Береке А» корпорациясының бас инженері: «Бізге берілген тапсырмаға сай барлық талдың түбін безендіріп шығамыз және үлкен жол, тротуардың арасында жасыл желек болмайды.»

Бүгінде теміржол көпіріне де асфальт төсеу толығымен аяқталған. Қазір жарықтандыру жұмыстары қолға алынған. Естеріңізде болса, көпірдің бір бөлігі бірінші қыркүйек күні қолданысқа берілген еді. Жалпы ұзындығы жарты шақырымды құрайтын өткелдің құрылысы 2014 желтоқсан айында басталған еді. 2 жылда аталған жұмыстар барысында қазынадан бөлінген 1 млрд тенгеден астам қаражат игеріліпті.

Сұхбат

PhotoRoom