Депутаттар партаға жайғасты

Рейтинг
03.09.2014, 17:21

Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өтті. Президенттің сессия ашылуында жүктеген тапсырмаларына байланысты мәжілісмендер бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Президент жедел қолға алуды міндеттеген «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» және мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуға қатысты құжаттар бар.

Сонымен қатар, депутаттар дербес білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты жаңашылдықтарға да баса назар аудармақ. Заң жобасы академиялық басқару жүйесін жетілдіруге және дербес білім беру ұйымдарының жұмыс сапасын қамтамасыз етуге, Университеттің инновациялық кластері қызметін ұйымдастыруға, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті білім беру ұйымдарының академиялық еркіндігі мен дербестігін дамытуға бағытталған.

Бүгін сондай-ақ,  «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасының, ілеспелі түзетулермен қортындысын әзірлеу уақыты анықталды. Заң жобасының негізгі міндеті – дамуға ресми көмекті құқықтық реттеу болып табылады. Құжат арқылы дамуға ресми көмек ұғымын регламенттеу, мақсаттары мен міндеттерін айқындау, секторлық басымдықтарын бекіту, дамуға ресми көмекті айқындау қарастырылады.

Осы күні депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік және одақтастық, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей азаматтарының екі елдің аумағында болу тәртібі туралы келісімдерге қатысты құжаттарды жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыстың күн тәртібі бойынша  энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, сумен жабдықтау және су бұру мәселеріне қатысты заңнамалық жаңа енгізілімдер жұмысқа қабылданды.

Палата Спикері Елбасының сессияның ашылуында жүктеген маңызды міндеттерін алға тарта отырып, әріптестерін сындарлы әрі серпінді жұмыс істеуге шақырды.

- Өздеріңізге белгілі, Елбасы атап өткен заң жобаларының барлығы өте маңызды әрі жедел қолға алуды қажет етеді. Сондықтан, біз оларды барынша қысқа мерзімде қарауымыз керек. Бұл әсіресе біздің азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешен, білім, жер қойнауын пайдалану, көші-қон мәселелеріне байланысты заң жобаларына тікелей қатысты болмақ.  Біздің алдымызда өте салмақты және маңызды жұмыстар тұр, біз оларды жоғары кәсіби деңгейде абыроймен атқаруымыз керек,-деді Қабиболла Жақыпов.

Сұхбат

PhotoRoom