Қала әкімдері үшін ақпан айы есеп беру айы болды. Өткен жылдың жетістіктері мен кем-кетіктеріне тоқталып, 2017 жылдағы жоспарларымен бөлісті. Халықтың арыз-шағымына құлақ асып, облыс орталықтарындағы нақты мәселелерге тоқталды. Әрбір әкімнің өз алдына жоспары бар. Жоспар - нақты қаланы дамытуға, қаланы қауіпсіз етуге, инфрақұрылымды күшейтуге, жол сапасына бағытталған.
SAIGEZ.KZ сайты әдеттегідей қала әкімдерінің рейтингін жүргізуді жалғастырады. Бұл рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің (облыспен теңестірілетін қалалар) басшылары есепке алынбайды. Негізінен барлық облыс орталықтарының әкімдері мен Семей секілді алып қаланың басшысын негізге алдық. Қала әкімдерінің жүйелі жұмыстары, ақпараттық белсенділігі, перспективасы және олардың жұмысы туралы негативтер мен оң бағыттағы мақалалар бағалаудың негізгі критериі ретінде қаралды. Осылайша «үздік бестік», «орта бестік» және «аутсайдер бестік» деген бағалаумен 15 қала әкімінің ақпан айындағы көрсеткіштеріне тоқталайық.
Негізгі басымдық қала әкімдерінің есебінің мазмұнына, салмағына беріледі. Наурыз айының басында Тараз қаласының әкімі ауысты. Облыс орталығының жаңа әкімі болып Рүстем Дәулет тағайындалды. Біз жаңа әкімді рейтингте наурыз айының қорытындысы бойынша қарастыратын боламыз. Ал, ақпан айын аяқтап, Тараз қаласына үлкен еңбек сіңірген, 3 жылдан артық шаһарды басқарған бұрынғы әкім Нұржан Календаров ақпан айының рейтингісіне қатысады.
Шымкент қаласының әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңес мәжілісінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Есепте көрсетілгендей, «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 64 көпқабатты тұрғынүй салынған (3777 пәтер). Одан бөлек, 32 тұрғынүй кешені (996 пәтер) «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек development» АҚ қолдауымен пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1302 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 35 отбасы жатақханаға орналастырылды. 52 жобаның іске асуы үшін 20 миллиард теңге бөлініп, оның 27-сі пайдалануға берілді. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 13 миллиард теңге игерілді, 2015 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 6,7 миллиард теңгеге көбейген. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 327 миллиард теңгені құрап, 4 %-ға өскен.
Ақпан айының басында OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасының нәтижесінде ең үздік көрсеткішке 43,3 балл жинаған Шымкент қаласы ие болды. Ел аумағындағы ірі 20 қаланың ішінде тұрғындардың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлық деңгейі бойынша мамандар арнайы сараптама жасады. Дауыс беруге қатысушылар Шымкентті «Жылы қала», «Жайсаң жандар мекені» ретінде үздік деп бағалаған.
Биыл Шымкентте көпқабатты үйлердің қасбеті жаңарады, 140 көпқабатты тұрғын үй сейсмозерттеуді қажет етеді және келесі екі жылда 90 үйге сейсмонығайту жұмыстарын өткізу жоспарланған.
Шымкент қаласының Бас жоспарына сəйкес, «Ескі қалашық» аумағын абаттандыру және қайта қалпына келтіру жұмыстары басталуда. Бұл туралы қала əкімі «Ескі қалашық» аумағында орналасқан кəсіп иелерімен кездесу барысында айтты. Жөндеуден өткен жолдардың сапа деңгейін Шымкент қаласының әкімі өзінің жеке қадағалауына алатынын айтты. Қалада жолаушы тасылмалдайтын автобустарды жаңартуды тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ақпараттық белсенділігі басқа әкімдермен салыстырғанда оқ бойы озық тұр. Рейтингте тағы көш бастауына осы факторлар себеп болды.
Қызылорда қаласы бүгінде жаңарып, жасарып келе жатқан республикамыздағы санаулы қалалардың бірі. Қала халқы санында өсім бар, қалада қауіпсіздік күшейіп, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы Қызылордада 4 мың отбасы баспаналы болған. Облыстағы құрылыстың 80 пайызы Қызылорда қаласына тиесілі екен. Демек, қала әкіміне жүктелетін міндет жоғары. Қалған облыстардан дәл мұндай көрсеткішті кездестіру қиын.
13 ақпан күні Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың халық алдындағы дәстүрлі есепті кездесуі өтті. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қала әкімдігінің атқарған жұмыстарына оң баға беріп, болашақта тұрақты және ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін көп жұмыстар атқарылуы тиіс екендігін атап өтті.
Облыс басшысының алдындағы есебіне дейін қаланың 12 жерінде кездесу өткізіп, халықтың мұң-мұқтажына, сұраныстарына құлақ асты.
Өткен айдың рейтингін жасағанда сарапшылар Нұрлыбек Нәлібаевтың атқарып жатқан жұмыстары көп болғанмен, ақпараттық белсенділігі төмен деп айтқан болатын. Ақпан айындағы көрсеткіш бойынша Нұрлыбек Мәшбекұлының БАҚ беттерінде жиі көрініп, белсенді бола бастағанын аңғарылады. Оның үстіне, ақпан айында қала әкімінің орынбасары ретінде жас әрі жаңашыл маман Шахмардан Баймановқа қызмет берді. «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы болған Шахмардан Асқарұлы тәжірибесіне сүйеніп, қаладағы жастар мәселесін жандандырып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қаладағы идеологиялық жұмыстар бойынша ілкімді істер жасайды деп сенеміз. Нұрлыбек Мәшбекұлы бұл жолы рейтингте осы аталған критерийлер бойынша екінші орынға көтерілді.
Қазір нағыз жастардың қаласына айналған бір қала болса – ол Талдықорған. Елімізде жоспарсыз жүріп жатқан урбанизация бар. Ал, Талдықорған қаласында өңірлерден қалаға көшкен тұрғындарды жылы қабылдап, барынша мүмкіндік жасап отыр. Бағдат Қарасаевтың берген есебі бойынша, қалаға өзге өңірлерден қоныс аударып келіп жатқандар көп. Олардың барлығын балабақшамен, мектеппен, емханамен, баспанамен қамтуы керек. Міне осы бағытта биыл 1200 орындық 2 жаңа мектеп салынады. 300 орындық музыка мектебі, емхана, балабақшалар салуды жоспарлап отыр. Бүгінде қала халқының саны 167 мыңнан асады. Жылына қала аумағында 2800-3100 аралығында нәресте дүниеге келіп жатыр.
Ақпан айының басында OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасының нәтижесінде ең үздік көрсеткішке ие болған екі қаланың бірі – осы Талдықорған болатын. Тұрғындардың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлық деңгейі бойынша мамандар арнайы сараптама жасап, Талдықорғанды Шымкенттен кейінгі үздік екінші қала деп тапты.
Қала басшысының есебіне қатысқан облыс басшысы Талдықорғанда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтып, қала әкіміне жеке кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды, өндіріс орындарын аралап, бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мектеп, балабақша құрылысын да назардан тыс қалдырмауды айтты. Демек, бұл қаладағы даму ұмтылысы тоқтамайды. Қала әкімінің рейтингте үшінші орынға жайғасуына осылар себеп болды.
Ілияс Испанов Ақтөбе халқының алдында тұңғыш рет есеп берді. Жоспары анық, мақсаты айқын. «Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 153,9 миллиард теңгені құрады. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 23,5 пайызға артық. Ал тауар айналымының көлемі 2015 жылғы деңгейден 4,2 миллиард теңгеге артып отыр» деді қала әкімі.
Жалпы мемлекеттік қолдаудың арқасында қалада жыл сайын шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 42 мыңға жетіп, анағұрлым артқан. Сондай-ақ өткен жылғы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі — 18,8 миллиард теңгеге жеткен. Қала басшысы өз баяндамасында биылғы жылға жоспарланған жұмыстарға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы егістік көлемін 27 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазіргі уақытта суармалы егістікті дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы суармалы жерлердің көлемін 3689 гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Бұдан басқа суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін қосымша құрылыс жұмыстары да жүреді. Қаладағы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жоспар әзірге Ақтөбе қаласының әкімінде ғана көздесті. 2018 жылы қаладағы суармалы алқап көлемін 9 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр, бұл 1991 жылғы деңгеймен бірдей.
Ақтөбеде өткен жылы террорлық акт тіркеліп, қаладағы қауіпсіздікке күмәнмен қарайтындар көбейген еді. Қала әкімі осы мәселеге қатысты кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, биыл 6 мектептің құрылысы басталып, 8 білім ордасына қажетті жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.
Жалпы, Ақтөбе қаласы – еліміздегі ең ірі қалалардың қатарына кіреді. Оның үстіне облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың қала әкіміне қоятын талабы жоғары. Шаһар басқарып отырғанына 8 ай толған әкім туралы бұған дейін негатив көп тараған болатын. Енді қала басшысы осының бәріне іскерлігімен жауап қатуға дайын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақтөбе қаласында 25 көшенің атауы өзгертіліп, көшелерге Алаш ардақтыларының есімі берілуі де үлкен жетістік. Әзірге Ақтөбе қаласының әкімі рейтингте төртінші орынға жайғасты.
Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов 5-ші қорытынды есептік кездесуін өткізді. 2016 жылы қаланың 300-ге тарта өнеркәсіп кәсіпорны құны 128,7 млрд теңгеден асатын тауар шығарғанын айтты. 2015-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлерді қолдау картасына 23 жоба енгізілді. Нәтижесінде 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақшы.
Ақпан айының басында OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасының нәтижесінде ең үздік көрсеткішке ие болған бес қаланың бірі – Петропавл қаласы. Тұрғындардың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлық деңгейі бойынша мамандар арнайы сараптама жасап, Петропавл қаласы Шымкент, Талдықорған, Қостанай және Оралдан кейінгі орынға жайғасты.
Шаһар басшысының 2017 жылға арналған жоспары үлкен. Соның ішінде спортқа көп көңіл бөліп, теннис корты мен велотрек және «Жастар» стадионының жанынан жабындысы бар футбол манежін салмақшы. Теннис корты мен велотректің құрылысы басталды. 2018 жылы бұл нысандарды халықтың игілігіне беру көзделіп отыр. Қазақстанның көп қалаларында республикалық, тіпті халықаралық маңызы бар спорттық шаралар жиі өтеді. Петропавл қаласы бұл жағынан келгенде көп артта қалған. Қала басшысы осыны ескеріп, үлкен спорт нысандарын салмақшы. Осы факторларды ескеріп, Петропавл қаласының әкімі ең соңғы орыннан үздік бестік қатарына еніп, ақпан айындағы көрсеткішін жақсартты.
Жылды позитивті нотада бастаған Нұрлан Әубәкіров қаңтар айындағы рейтингте 2 орынға жайғасқан еді. Алайда, OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасының нәтижесінде Қарағанды қаласы өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлық деңгейі бойынша соңғы орындарға жайғасты. Қарағанды қаласы – Астанамен көрші орналасқан қала болғандықтан, қауіпсіздік шараларын күшейтіп, туристерге арналған орындарды көбейтіп, көп жұмыс атқаруы тиіс.
Десе де, қалада әлеуметтік жұмыстар жалғасын табатын болады. Қарағанды облысында зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында дәрілерді арзандатылған бағамен сататын 36 әлеуметтік дәріхана ашылды. Олардың дені қалада орналасқан. 10 миллиард теңгеге несиелік баспана, мектептер салынып, жылу және кәріз жүйелері жөндеуден өткізіледі. Бірақ, Қарағанды қаласы әкімінің халық алдында есеп беруі үлкен дау-дамайға ұласты. Қоғам белсендісі, зейнеткер Александр Бондаренко қала әкімінің жағасынан алып, мұғалімдердің мәселесін көтерді. Мәселеге облыс әкімі араласпағанда жағдай ушығуы мүмкін еді. Сондықтан, қала әкіміне халықпен жиі кездесіп, тығыз байланыс орнату қажет. Өткен айда екінші орын алған әкім осылайша 6 орынға түсіп, орта бестіктің көшін бастады.
Ақтау – еліміздегі туризмнің көшбасшысына айналатын қала. Каспий теңізі – өзінің жағалауындағы елдер үшін игілік көзі әрі су жолы. Ал оның маңайындағы туристік мүмкіндік зор ықыласқа ие. Бірақ, Ақтау қаласы осындай мүмкіндіктерге ие болса да, туризмді дамытуда негізгі межені бағындыра алмай келеді. Ақтау қаласы – инвесторлар жиі келетін, мейманы көп қалалардың бірі. Алайда, қалада демалыс орындары, қонақ үйлер саны өте аз. Ақтау қаласының әкімі Серікбай Тұрымов тұрғындармен есептік кездесу өткізгенде де туризмге байланысты ештеңе айтқан жоқ.
Қала тұрғындары облыс әкімінің көзінше су, жарық, кәріз жүйесінің жоқтығын алға тартты. Тоқпен қамтамасыз ету - 5 жылдан бері шешілмей келе жатқан қаладағы ең үлкен мәселе. Халық алдында «Алдағы уақытта бұл мәселені шешеміз» деп қала әкімі жылы қайырғанмен, облыс әкімі олқылықтарға өзі жеке тоқталды. Жиын соңында сөз алған Алик Айдарбаев қала әкімі Серікбай Тұрымовқа Ақтау қаласындаңы әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңмен шешуді тапсырды. Қала әкімінің атқарған жұмыстарын ескеріліп, өткен аймен салыстырғанда екі сатыға көтерілді. Әйтсе де, Ақтау әкімі аутсайдер бестіктен ұзап кете алған жоқ.
P.S. Рейтингке қатысты сұрақтарыңыз болса SAIGEZKZ@GMAIL.COM электронды адресіне жіберулеріңізді сұраймыз. Жыл соңында 12 айдың қорытындысы жасалып, әр айдың көрсеткіштеріне байланысты үздіктерді анықтайтын боламыз.