Қымыз бен шұбат туралы заң керек

Рейтинг
11.09.2014, 12:27

Қазақстанда қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханұлы осы мәселені көтерді.

«Қымыз бен шұбат - халқымыздың байырғы сусыны. Ғасырлар бойы қасиетті жылқы мен түйе малын асырау, қымыз бен шұбат дайындау жөнінен халқымызда бай тәжірибе қалыптасқан. Ұлттық сусын денсаулыққа аса пайдалы: туберкулез, бауыр, асқазан, жүйке және иммундық жүйелердің, жүрек және қан-тамырларының дертіне дауа. Өкінішке қарай, кешегі Кеңес үкіметінің тұсында жылқы мен түйеге, олардан алынатын өнімге жасалған қиянат пен солақай саясаттың салдарынан қымыз бен шұбат өндіру ісі бәсеңдеп, ұмыт бола жаздады», - дейді сенатор Қуаныш Айтаханұлы.

Бұл ретте депутат егемен ел болып отырғанда ата-бабадан қалған кәсіпке басымдық берудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде қымыз бен шұбатты ұлттық брендке айналдыруға мол мүмкіндік бар.

Сонымен қатар депутат кезінде елімізде өкпе ауруларын тек қымызбен емдейтін 15 шипажай болғанын, алайда үкімет тарапынан қолдау болмағандықтан, олардың жұмысы тоқтап қалғанын атап өтті. Ал көршілес Ресейде қымыз өндіретін 80-нен астам агрофирма, қымызбен емдейтін 48 шипажай жұмыс істейді. Сонымен қатар Ресей ғалымдары бие сүтінде болатын лактоферрин ақуызынан қатерлі ісікті емдейтін дәрі жасап жатыр. Ал Жапония мен батыс елдері қымыз бен шұбатқа ерекше қызығушылық таныта бастаған.

«Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусынын ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбат туралы заң қабылдануы керек. Онда бұл сусындарды классикалық дайындау үлгілері, сүтке қойылатын талаптар, стандарттар, физика-химиялық және иіс пен дәмдік қасиеттері, сақтық шаралары жазылуы тиіс», - дейді сенатор Қуаныш Айтаханұлы.

Бұдан бөлек, сенатор қымыз бен шұбат өндіретін фермаларды ынталандыру үшін заңнамада жеңілдіктер қабылдануы керектігін де атап өтті.

«Елімізде қымыз бен шұбат өндіру ісін мемлекеттік деңгейде қолға алып дамытсақ, бұл Елбасымыз айтқан экономиканы әртараптандырудың көрінісі болмақ. Қымыз бен шұбат туралы заңды қабылдау арқылы ата-бабаларымыздың аманатын ақтап, өмірдің нәрі болған сусынның сапасын сақтап, келер ұрпаққа мақтанышпен тапсырған болар едік», - дейді Қ.Айтаханұлы.

Сұхбат

PhotoRoom