Сирияға кеткендер этникалық топтарға бірігіп жатыр

Рейтинг
16.09.2014, 15:23

Орталық Азиядан барған жауынгерлер Сирияда жаңа этникалық құрылымдарға бірігіп жатыр, бұл туралы саясаттанушы Ерлан Қарин айтты, - деп хабарлайдыTengrinews.kz. Сарапшы  Орталық Азия азаматтарының Таяу Шығыстағы экстремистік әрекеттерге қатысуы туралы баяндамасын жариялады.

Саясаттанушы "Ислам мемлекеті" сияқты ірі этникалық бірлестіктердің қалыптасуы қауіптің жаңа түрі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Сирияда өзбек жауынгерлерінің "Имам Бұхари жамағаты" жасағы құрылғаны және "Сабири Джамаат" тәжік-өзбек тобының "Ислам мемлекетіне" қосылғаны туралы мәліметтер бар. Ашық ақпарат көздерінің мәліметтеріне қарағанда және бейнежазбаларға қарағанда, ол жасақтар жақсы жарақтандырылған. Қариннің айтуынша, этникалық топтардың қалыптасуы ынталандырылып және қаржыландырылып отыр.

Сарапшы Сирияның ашық ақпарат көздеріне және экстремистік сайттар мәліметіне сүйеніп, исламистер қатарында қазақстандық 250, қырғызстандық 100, өзбекстандық 500 және түрікменстандық 360 азаматтың бар екенін айтты. Ал арнайы қызметтердің ресми мәліметтері бұдан бірнеше есе аз. Қариннің айтуынша, қақтығыстарға қатысушы шетелдіктердің көбі - Сауд Арабиясының, Тунистің, Солтүстік Кавказдың және Ирактың азаматтары. Сонымен бірге, Еуропа елдерінен, Қытай мен Филиппиннен және Индонезиядан да жауынгерлердің көп келетіні байқалып отыр.

Саясаттанушының мәліметінше, бұрын Қазақстанның оңтүстігі радикал идеялардың көзі саналса, бүгінде Сирияға экстремистерді "жеткізуші" өңірлер Шығыс, Орталық және Солтүстік Қазақстан болып отыр. Қариннің сөзіне қарағанда, азаматтар ұрыс әрекеттеріне түрлі себеппен қатысады - қиын жағдайлар, алдану және фанатизм.

Айта кетейік, қазақстандықтар мен басқа да этникалық топтар экстремистік сайттар жариялайтын бейнежазбалардың кейіпкерлеріне жиі айналып жүр. Бұған дейін Ерлан Қарин Әбу Әниса атты сириялық жауынгердің қазақша сөйлескені түсірілген бейнероликке қатысты түсінік берген еді. Саясаттанушы мұны ақпараттық арбау болуы мүмкін деп топшылады. Ол видеода кем дегенде жарты жыл бұрынғы материалдар қолданылғанын айтты. Сонымен бірге, сарапшы қазақстандықтардың Сириядағы соғысқа қатысуы өткір мәселе күйінде қалып отырғанын да атап өткен болатын.

Сұхбат

PhotoRoom