Өксікбаев өзекті мәселені көтерді

Рейтинг
22.09.2014, 12:21

Бүгін Мәжілісте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен үкіметтік сағатта Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Астанадағы қазақ драма театрына жаңа ғимарат салу мәселесін көтерді.

«Бүгінде Қазақстанда барлығы 114 театр бар екен. Мүмкін, қазақ халқына бұл жететін де шығар. Дегенмен, Ұлыбританияның Лондонында 200-ден астам театр бар көрінеді. Бүгін театрлардың драмалық бағыты, оның ішінде Астанадағы театрдың жағдайы театрға құмар халықтың көңілінен шықпайтыны айдан анық. Осы театрдың жағдайы астана болғалы әлі күнге дейін өзгеріссіз келеді. Кішкентай 50 адам әрең сыятын қалыпта қалып отыр. Осы жағдай түзеле ме, жоқ па? Менің білуімше, драмалық бағыттағы өрнекті дүниелер осы Астанадан тұсаукесерін бастау керек сияқты. Содан барып, елге таралып, өзіндік жолын табуы керек. Осы Астанамызда, алты ай қыс болатын қаламызда екінші мұз айдынын салып жатырмыз. Ал бір театрға қолымыз жетпей жатыр», - деді депутат Арыстанбек Мұхамедиұлына қарата айтқан сауалында.

«Қазір тоғыз республикалық театрдан басқасының бәрі жергілікті әкімшіліктің қарауында. Бірақ, қазіргі кезде К.Байсейітова атындағы театрдың ғимараты босағасын, Қ. Қуанышбаев атындағы театр сол ғимаратқа көшіріліп жатыр. Екіншіден, ЭКСПО көрмесінен босаған ғимараттарды біздің мәдениет нысандарына беру туралы бірнеше ұсыныс бердік... Ал сіз айтқан спорт кешендері ұлттық компаниялардың қаражатына салынып жатыр», - деді Мәдениет және спорт министрі.

Министрдің бұл жауабына депутаттың көңілі толмады. «Неліктен еліміздің астанасында толық драма театры талаптарына жауап беретін театр сала алмай отырмыз? Бұған не керек? Министрдің осы мәселе бойынша позициясы бар ма? Мен мұны естімедім», - деді Омархан Өксікбаев.

«Қайталап айтқым келеді, бұл театрлар жергілікті атқарушы органдардың қарауында. Олар біздің министрлікке өткен кезде ғана, мен сізге театрды салу-салмау туралы анық жауап бере аламын», - деді өз кезегінде министр.

 

Сұхбат

PhotoRoom