Мамыр айы қала әкімдері үшін мамыражай өтті. Су басу қаупі сейілді, жылумен қамтамасыз ету маусымы толықтай аяқталды. Есесіне жол салу, басқа да құрылыс жүргізу маусымы ашық деп жарияланды. Суға шомылу, демалыс орталықтары қызмет көрсету деңгейін күшейтуді қолға алды. Бұл туризм саласын дамытудың бірден-бір жолы. Жаз мезгілі аяқталған соң туризмге ыңғайлы қалалардың рейтингін арнайы жариялайтын боламыз.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бірнеше қалада баспаналар беріліп, бірнеше отбасы қоныс тойын тойлады.
Одан бөлек, cәуір айының рейтингі бойынша қала әкімдерінің арасында үздік 5-тікке кірген Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев Сенат депутаттығына үміткер БҚО бойынша үш адамның қатарына кірді. «Белсенділік қала әкімдеріне не үшін керек?» дейтіндерге тағы да жауап. Елбасының соңғы жылдары кадрды сырттан емес, іштен таңдап, облыс орталығын басқарып отырған білікті басшыларды облыс әкімі етіп қойғанын көріп жүрміз. Сондықтан, қала әкімдері үшін белсенділік ауадай қажет.
Мамыр айының соңында Өскеменге жаңа әкім тағайындалды. Қала әкімі болып осыған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған 36 жастағы Қуат Тумабаев тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, Өскеменнің жаңа әкімі маусым айының қорытындысы бойынша рейтингке қатысатын болады. Жас әкім жұмысына бел шеше кірісіп кетті. Оның үстіне қала әкімдерінің арасында әлеуметтік желілерде белсенді, жұмысын тек дәстүрлі БАҚ арқылы ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да көрсете білетін жаңашыл әкім. Сондықтан, алдағы уақытта Қуат Тумабаев ақпараттық белсенділігі бойынша бәсекені күшейтіп, үздіктердің қатарына кіруі мүмкін.
Бірден айта кетейік, SAIGEZ.KZ сарапшылары қалалардың емес, қала әкімдерінің рейтингін жасайды. Кім қаншалықты жұмыс атқарды? Нәтижесі қандай? Атқару бар да, көрсете білу бар. Қаладағы тазалық, инфрақұрылым, бақылау, қылмыс деңгейі, туристерге ұсынатын қызметі мен орындар, халықпен байланыс орнату.....
Бұл рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің (облыспен теңестірілетін қалалар) басшылары есепке алынбайды. Негізінен барлық облыс орталықтарының әкімдері мен Семей секілді алып қаланың басшысын негізге алдық. Қала әкімдерінің жүйелі жұмыстары, ақпараттық белсенділігі, перспективасы және олардың жұмысы туралы негативтер мен оң бағыттағы мақалалар бағалаудың негізгі критериі ретінде қаралды. Осылайша «үздік бестік», «орта бестік» және «аутсайдер бестік» деген бағалаумен 15 қала әкімінің МАМЫР айындағы көрсеткіштеріне тоқталайық.
Мамыр айының басында қызметінен кеткен Өскемен қаласының әкімі Ерлан Қапарұлы Аймұқашев бұл рейтингте ең соңғы орыннан көрінді.
Бағдат Қарасаев бұл рейтингте алғаш рет көш бастап тұр. SAIGEZ.KZ жасап жүрген рейтинг облыс орталығын басқарып отырған әкімдердің арасында бәсекені күшейтіп, жұмыс істеу және оны көрсету бойынша белсенділіктің артуына себепші болды. Бұған дейінгі төрт айдың қорытындысы бойынша рейтинг басында тек Шымкент қаласының әкімі тұрса, мамыр айының қорытындысы бойынша Талдықорған қаласының әкімі рейтингте тұрғыш рет бірінші орынға жайғасты.
Талдықорғанға тұңғыш рет табиғи газ келді. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жанында «Start-Up Академия» ашылды. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған консалтинг орталығы ашылды. ІХ республикалық жазғы универсиадасын өткізді. Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай алғаш ауқымды шара Талдықорғанда өтті. Жол жөндеу және газ тарту жұмыстары бір-бірімен сәйкестендіріліп жалғасып жатыр. 2018 жылы қаланы толық газбен қамтамасыз етеміз деп отыр.
Талдықорған – бүгінде жаңашылдық пен жастықтың, сұлулық пен тазалықтың қаласына айналды. Қаланың ауқымы кеңейді, территориясы ұлғая түсті. Қала халқының саны артты. Бұл бірінші кезекте облыс басшысының, екінші кезекте облыс орталығындағы барлық шаруаны тынымсыз атқарып жатқан қала әкімінің арқасы. Әрине, қала әкімі көп жағдайда облыс басшысының алдына түсіп БАҚ беттерінде жиі көріне бермейді, бірақ ең бастысы оның атқарып жатқан жұмыстары жүйелі түрде көрініп жатыр.
Шымкент қаласын еліміздегі үшінші ірі мегаполиске айналдыру міндеті Ғабидолла Әбдірахымовтың ең бірінші міндеттерінің бірі. Алайда ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкентті мегаполиске айналдыру үшін біраз кедергілердің бар екендігін айтып өтті. Әлемдік деңгейде мегаполиске жататын қалалардың арнайы көрсеткіштері мен индикаторлары болатынын ескерсек, Шымкентке бұл межені бағындыру үшін біраз жұмыс істеу қажет.
Мысалы, қаладағы жеке меншікке жататын жер үйлер саны 217 мың болса (тұрғындардың 60,7 пайызы, 560 280 адам), көпқабатты тұрғын үй саны небәрі - 2042 (тұрғындардың 39,3 пайызы, 362 720 адам). Осы орайда жүзеге асырылып жатқан «Shymkent City» жобасы көп көмегін тигізбек. 420 гектар жерді қамтитын жобаға байланысты барлық негізгі инфрақұрылымдық жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екен. Болашақта ол 70 мың халық тұратын тұрғын ауданға айналмақ. Оның үстіне «Нұрлы жер» бойынша салынатын көппәтерлі үйлер бой көтеруі тиіс.
Ғабидолла Әбдірахымовтың мамыр айында республикалық БАҚ-тарда көп көрінген сәті мектеп бітіруші түлектерге қатысты бірнеше тыйым салғаны болды. 25 мамыр күні мектеп бітіруші түлектердің қала көшелерінде салтанатты шеру жасап, банкет ұйымдастыруына жол берген жоқ. Естеріңізде болса, Шымкент қаласында бұған дейін соңғы қоңырау соғылған күні қылмыс саны күрт артып, жапа шегушілер жиі кездесетін. Ендеше бұл жолы қала басшысы осы бір қауіптің алдын алып, қауіпсіздікті бірінші орынға қойды.
Мамыр айының соңында барлық аудан әкімдерін жиып, қаладағы ауыз су, газ, жол сияқты мәселерді толықтай шешуді, коммуналдық төлем мәселесін ретке келтіруді тапсырды.
Жыл басындағы рейтингке назар аударсаңыз, Нұрлыбек Мәшбекұлының бір кемшін тұсын атап өткен едік. Ол республикалық БАҚ-тарда көп көріне бермейтіндігі, жиі бұғып қалатындығы. Нәлібаев – қазіргі қала әкімдерінің ішіндегі ең тәжірибелісі, ең іскері. Бірақ, оны көпшілік біле бермейді. Тіпті, кейбір сарапшыларымыз қала басшысы болашақта облыс басқаратын бірден-бір кандидат деп есептейді. Кандидат болу үшін белсенділік қажет. Тек іскерлік аздық етеді, халықпен кездесуде, жүздесуде кестелі сөздер айтып, көшбасшылық қасиеті бар екенін дәлелдеуі қажет. Өйткені, жыл сайын талап күшейіп келеді. Ай сайын десек артық айтқанымыз, жылына республикалық БАҚ-тарда көлемді сұхбатымен көзге түсіп, қаладағы шаруашылық жұмыстардан бөлек идеологиялық тақырыптарға да жиі баруы керек. Шаруақор, еңбекқор басшы қашан да табылады.
Нариман Төреғалиевтың Сенат депутаттығына үміткер БҚО-дағы үш адамның қатарына кіргендігін айттық. Бұл бірінші кезекте қала әкіміне берілген оң баға.
Орал қаласының әкімі облыс басшысымен жымдасып жұмыс істейді. Қаланың кем-кетігін, жай-жапсарын, артық-кемшілігін екеуі де бес саусағындай біледі. Себебі, қазіргі облыс басшысы бұрынғы қала басшысы. Сондықтан, қауіп қайда бар, қай жерін жөндеу керек, қай жерін жамау керек, қай жерге жаңа нысандар салу керек? Осының бәрін бірлесіп шешеді.
Басқа өңірлерге қарағанда Орал қаласынан жаңалық тарататын сайттар жеткілікті. Сол себепті Нариман Төреғалиев туралы күн сайын ақпарат тарап жатады. Ол қала әкімдерінің арасынан бірінші болып тұрғындармен телеарнаның тікелей эфирінде байланысқа шыққан алғашқы басшы. Тіпті, әлеуметтік желілерде Орал қаласының бүгінгі жайын талқылайтын 100 мыңдаған оқырманы бар арнайы парақшалар да жиі кездеседі. Сол парақшалардан қала басшысының атқарып жатқан жұмысын, барлық мәселені шешіп бермесе де, барлық мәселенің басы-қасында жүретіндігін аңғаруға болады.
Рейтингте бірінші рет үздік 5-тіктің қатарына енген Тараз қаласының әкімін оқырманға таныстыра кетуді жөн санаймыз. 2 наурыз күні облыс орталығына жаңа әкімі болып Рүстем Дәулет тағайындалды. Ол Жамбыл облысының тумасы, бұған дейін Жамбыл облысындағы Шу ауданы әкімі қызметінде болған. Қаланың бұрынғы әкімі Нұржан Календаров бұл қызметте 2013 жылдың 31 желтоқсанынан бері болған еді. Сондықтан, Тараз қаласын басқару бір ізге қойылып, әбден жүйеленген деп айтсақ та болады.
Рүстем Рысбайұлының басшылығымен қалада талай жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, қалада қылмыс саны азайғаны байқалады. «Нұрлы жол» бойынша салынып жатқан әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп жатыр.
Жақында ТУРСТАТ аналитикалық агенттігі ТМД көлеміндегі ең тарихи қалалардың рейтингін жасады. Рейтингтегі үздік 10 шаһардың тізіміне Түркістан мен Тараз қаласы енді. Тараз қаласының осы бір тарихи келбеті жылына 500 мың турист келіп-кететіндей маңызға ие. Ендігі ретте жаңа әкімге артылатын жауапты міндет – жаңа нысандарды салу кезінде қаланың тарихи келбетіне сай қылу, туристердің қатарын мейлінше арттыру болмақ.