"Шаңырақ" сияқты оқиғалар болмасын десек...

Рейтинг
16.10.2014, 13:41

Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Жамбыл Ахметбеков Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

          Осы депутаттық сауалды жолдауға менің атыма келіп түскен ұжымдық арыз себеп болып отыр. Ұжымдық арызды жолдаушылар –Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қоянды және Ильинка елді мекендерінде тұратын 500-ден астам отбасы.

Негізгі көңіл аударатын мәселе мұнда тұратындардың көбі Қытайдан, Моңғолиядан келген қазақтар. Олардың орыс тілін білмеуі, заңды жете түсінбеуі, құжаттарды жетік меңгермеуі бұл азаматтардың көбін алаяқтар мен өз қамын көздеген тоғышарларлардың құрбаны болып, алдауға түсуіне әкеліп отыр. Оралмандар әкімнің рұқсатымен алған жерлеріне тұрғызған үлкенді-кішілі үйлері мен қора-жайларынан айрылып, енді «Жер кодексінің шарттарына қайшы келеді», «Мемлекеттік актілерің жоқ», т.б. түрлі желеулермен далада қалмақшы. Осы екі елді мекенде осылайша алданып, құжатсыз үй салған 500-дей отбасы бар.

Бізге арыз жолдаушы ағайындардың айтуларына қарасақ олардың көбінің жері заңды тұрғыда алынған, яғни әкімнің жер бөлу туралы шешімі, келісімшарттары, топосызбалары бар. Бірақ көпшілігі жер телімінің жеке меншікке рәсімдеген мемлекеттік актілерін әлі алмаған. Мемлекет тарапынан мүлікке рақымшылық жасалып, мүлік жария ету науқанында осы ағайындарға көмектесіп, құжатсыз жерлерді заңдастыруға болар еді. Алайда оларға көмектесіп жатқан ешкім жоқ. Оларға жерін, үй-жайын заңдастыру үшін қайда, кімге бару керек, қандай құжаттар жинақтау қажет, оны түсіндіріп жатқан билік өкілдері көрінбейді. Керісінше, жергілікті әкімдік кеңес сұрап барған тіл білмейтін, кирилл әрпін танымайтын қарапайым халықты «қара тізімге» кіргізіп, оларды енді отырған үйінен, жерінен айыруға асығып тұрады.

Бұл ағайындар қажетті құжаттарын рәсімдеп үлгірмесе күздің қара суығы мен қыстың қаһарлы аязында жүздеген отбасы далада қалғалы тұр. Үкімет тарапынан көңіл аударып, осы оралмандардың жағдайы шешілмесе оның үлкен әлеуметтік зардабы болады, бар тірнектеп жиған дүниесі мен талшықтап тұрғызған баспана-ұяларынан айрылған өз атамекенінде қолдау таппаған оралман қазақ бұрынғы келген мемлекетіне көшуден басқа амалы болмайды. Ол жақтағы атажұртқа бағыт алып, көш басын бұрғалы отырған сондағы ел райынан қайтады. Бүкіл қазақтың бір тудың астына жиналуына кедергі болады, дүние жүзіндегі қазақтардың тарихи отанына деген сенімі жоғалады. Екіншіден, бұл бүкіл қазақты атамекенге қайтаруды мақсат еткен Елбасының саясатын теріске шығарып, еліміздің халықаралық беделіне нұсқан келеді. Үшіншіден, осылайша қолдан ұйымдастырылған арандатушылық халықтың билікке деген наразылығын туғызады, сенімін жоғалтады.

«Шаңырақ», «Бақай» оқиғалары секілді әлеуметтік шиеленіс туғызбас үшін Сіздің назарыңызға Қоянды және Ильинка елді мекендеріндегі осы өте күрделі жағдайды жеткізе отырып, Қаржы министрлігі мен Ақмола облыстық әкімдігіне арнайы топ құрып, мүлікті жария ету науқаны аясында халыққа түсінік жұмыстарын жүргізіп, олардың құжаттарын жинастыруға, мүліктерін жария етуге, үй-жайларын заңдастыруға көмектесу туралы тапсырма беруіңізді сұраймыз.

      

Сұхбат

PhotoRoom